Көкшетауда 113 тұрғын уақытша пункттерге эвакуацияланды

Көкшетау. 29 наурыз. ҚазТАГ – Көкшетауда 113 тұрғын уақытша пункттерге эвакуацияланды, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Көкшетау қаласында тұрғындарды уақытша пункттерге эвакуациялау жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 113 адам эвакуацияланды, оның 30-ы бала», - делінген хабарда.
Көкшетауда су тасқыны жағдайы күрделі болып тұр. Ақмола облысы ТЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы Қанат Доспаевтың айтуынша, кеше су басқан аумақтардан су сору жұмыстары жүргізілген, алайда кешке қарай жаңбыр жауып, қардың еруі күшейіп, қар суы қалыптасқан. Өзендегі су деңгейі қайтадан көтеріліп, 1,9 м жеткен.
«Үш жерден қар суы шайып кетті, соның салдарынан 16 тұрғын үй мен 29 ауланы, 12 көппәтерлі тұрғын үйлердің ауласын су басқан. Бұдан бөлек темір жол ауруханасының жертөлесі мен балабақшаның бірінші қабатына су кірген», - деді Доспаев.

Фото көзі: МЧС РК


adimage