Көкшетауда су тасқыны салдарынан ТЖ режимі жарияланды

Көкшетау. 29 наурыз. ҚазТАГ – Көкшетауда су тасқыны салдарынан төтенше жағдай режимі жарияланды, деп хабарлады ҚазТАГ.
«Жағдайды тұрақтандыру үшін Көкшетауда ТЖ режимін жариялау туралы шешім қабылданды, соның аясында келтірілген барлық шығын есептеліп, оларды өтеу бойынша шешім қабылдауға комиссия құрылатын болады. Су тасқыны салдарын жою жөніндегі штаб құрылды, су басқан аумақтарда тұрып жатқан тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде», - деп хабарлады жұма күні Көкшетау әкімдігінен.
Хабарда атап өтілгендей, барлық зардап шегушілерге қажет көмек көрсетіледі.
Ертеңгісін Қылшықты өзеніндегі су деңгейі 1,9 м көтерілген еді, сөйтіп ол арнасынан тасып, облыс орталығындағы темір жол маңын су басқан болатын. ТЖ қызметі тұрғындарды қайықпен эвакуациялап, уақытша пункттерге орналастырды.
Су тасқыны салдарынан 16 тұрғын үйді, 29 ауланы, 12 көппәтерлі тұрғын үй ауласын, темір жол ауруханасының жертөлесі мен балабақшаның бірінші қабатын су басқан.

Фото көзі: ©Нуржан Баймулдин.


adimage