ХОК атқарушы комитеті боксшылар үшін Токиодағы 2020 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу жарыстарының уақытын белгіледі

Астана. 20 маусым. ҚазТАГ – Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) атқарушы комитеті (АК) боксшылар үшін Токиодағы 2020 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу жарыстарының уақытын белгіледі, деп хабарлады ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің (ҰОК) баспасөз қызметінен.
«Халықаралық олимпиада комитеті бокстан Токио Олимпиадасына жолдама беретін іріктеу жарыстарының уақытын бекітті. ХОК Атқарушы комитетінің Лозаннада өткен отырысында 2020 жылғы Токио ойындарына іріктеу бәсекесін өткізуге қатысты қосымша ұсыныстар жасалды. Іріктеу турнирлері 2020 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында өтеді. Жалпы есебі төрт бәсеке жоспарланған. Оның біреуі әлемдік іріктеу бәсекесі. Іріктеу сындары Олимпиада ойындарын өткізген немесе төртжылдық додасын енді қабылдайтын қалаларда ұйымдастырылады», - делінген бейсенбіде ХОК сілтеме жасалған ҚР ҰОК хабарында.
Хабарда атап өтілгендей, Рио-2016 ойындарында турнир ерлер мен әйелдер арасында 10 салмақтық санат бойынша өткен.
«Өзгерістерді 2017 жылдың маусымында гендерлік теңдікті сақтау мақсатында ХОК атқарушы комитеті бекіткен еді», - деді ҰОК-нен.
Хабарда нақтылағандай, ерлер арасындағы жолдамалар төмендегі ретпен беріледі: 52, 57 және 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне алты квота, 69, 75 және 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне бес квота, 91 және аса ауыр салмақта төрт квотадан бөлінген. Әйелдер арасындағы құрлықтық турнирде лицензия төмендегі әдіспен таратылады: 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алты квота, қалған төрт салмаққа (57, 60, 69, 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) төрт квотадан беріледі.
«Аталған турнирлерде лицензияға иелік ете алмаған боксшылар 2020 жылдың мамырында өтетін әлем чемпионатында бақ сынайды. Әлемдік додада ерлер арасында 31-35, әйелдер арасында 19-21 квота сарапқа салынбақ. Токио Олимпиадасындағы бокс бәсекесі 2020 жылдың 25 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтеді», - деді комитеттен.
Еске салсақ, құрлықтық дода 2020 жылдың 1 қаңтары мен 20 сәуірі аралығында өтеді. Азия және Океания аймақтық іріктеу бәсекесіне қазақстандық боксшылар да қатыспақшы. Бұл аймақта ерлер арасында 41, әйелдер арасында 22 жолдама сарапқа салынады.


adimage