Кіші медициналық персоналдың жалақысы төрт жылда екі есеге артады - Дүйсенова

Астана. 29 наурыз. ҚазТАГ – Кіші медициналық персоналдың жалақысы төрт жылда екі есеге артады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде 2022 жылғы 1 қаңтардан жекелеген санаттағы азаматтық қызметшілердің, сондай-ақ кіші медициналық персоналдың жалақысы 2022 – 2025 жылдар аралығында жыл сайын орта есеппен 20% кезең-кезеңімен медициналық көрсетілетін қызметтердің барлық түрлеріне тарифтерді ұлғайту арқылы арттырылуда. Нәтижесінде төрт жыл ішінде олардың жалақысы екі есеге артады», - деп жауап берді Тамара Дүйсенова депутаттық сауалға.
Үкімет басшысының орынбасары бұдан басқа, медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін кіші медициналық персоналдың жалақысын көтеру үшін денсаулық сақтау министрлігі, ұлттық денсаулық сақтау палатасы және қызметкерлердің кәсіптік одақтары арасында жасалған 2023 – 2025 жылдарға арналған салалық келісімде қосымша олардың лауазымдық жалақысына 1,15 мөлшерінде түзету коэффициенті белгіленді деді.
Вице-премьердің айтуы бойынша, 2024 жылдан бастап тарифтерде медициналық емес жұмыскерлердің жалақысын 20% көтеру және жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1,5% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын төлеу ескерілді. 2022 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдарына мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықтарына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу құқығы берілді.
Дүйсенова жалпы денсаулық сақтау ұйымдарының 95% астамы шаруашылық жүргізу құқығы бар кәсіпорындар ретінде жұмыс істейтінін және осыған байланысты шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын өз жұмыскерлерінің жалақысын дербес ұлғайта алатынын айтты.
Сондай-ақ ол, қазіргі уақытта еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бюджет саласы қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде, сондықтан денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің жалақысын одан әрі көтеру осы жұмыстың шеңберінде қаралады деді.
Еңбек кодексінің 157-бабына сәйкес ұжымдық шарттың мазмұнында жұмыскерлердің санаторийлік-курорттық емделуін және демалысын ұсыну мәселелері көрсетілгендігін де атап өтті.
«Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес («Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы заңының 67-бабы) коммуналдық тұрғын үй қорынан алынған тұрғынжайлар немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлар мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлеріне беріледі. Бұл жағдайда денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындар бюджеттік ұйымдар болып табылады. Бұдан басқа, медициналық ұйымдардың жұмыскерлері «Отбасы банкінің» қолданыстағы тұрғын үй бағдарламалары шеңберінде тұрғын үй сатып ала алады», - деп мәлімдеді вице-премьер.

Фото көзі: pixabay.com


adimage