Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеу басталды

Алматы. 17 қыркүйек. ҚазТАГ – Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеу басталды, деп хабарлады ҚР білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен.
«ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында әзірленген коронавирус инфекциясына қарсы QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеу басталды», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Хабарда нақтыланғандай, вакцинаны клиникалық зерттеу 18-50 жас аралығындағы дені сау ересек еріктілер арасында жүргізіледі. Вакцинаның қауіпсіздігін анықтауға бағытталған зерттеудің I фазасына коронавируспен ауырмаған және антиденелері жоқ 44 ерікті қатысады. Иммуногенділікті зерттеуге бағытталған екінші фазада 200 еріктінің қатысуы жоспарланып отыр.
«БҚПҒЗИ-ға Қазақстанның барлық өңірінен клиникалық зерттеулерге қатысуға ниет білдірген еріктілерден 688 өтініш келіп түскенін айта кеткен жөн. Енді олар скринингтен өтіп, вакцинацияланатын еріктілер тобы құрылады.
Клиникалық зерттеулер аккредиттелген клиникалық база – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы» РМК және GCP стандарты бойынша сертификатталған база – «Сentre for Clinical Medicine and Research» ЖШС-де өтеді», - делінген хабарда.

adimage