Нұр-Сұлтанда жеті баладан кавасакиге ұқсас синдром анықталды

Астана. 13 тамыз. ҚазТАГ – Максим Елизаров. Нұр-Сұлтанда жеті баладан кавасакиге ұқсас синдром анықталды, деп мәлімдеді елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.
«Қазір әңгіме Кавасаки синдромы жайында емес. Бұл жерде ол Кавасакиге ұқсас синдром деп қаралады. Бұл, бірқатар әлемдік зерттеу бойынша, бала кезде симптомсыз коронавирусты инфекциямен ауырған жағдайда туындайтын мульти-қабыну синдромы. Бүгінгі таңда бізде қалада балалар стационарында осындай диагнозбен жеті бала жатыр», - деді Мұратов бейсенбідегі онлайн-диалогта.
Ол атап өткендей, екі баладан коронавирусты инфекция антиденесіне тапсырған тест расталған. Қалған бесеуінде әзірге тест расталған жоқ. Бірақ олардың ауыру белгілері бірдей: қан талдауының көрсеткіші жоғары, яғни олардың ағзасында қабыну процесінің жүріп жатқанын білдіріп отыр.
«Қазіргі таңда бұл балалардың жағдайы қанағаттанарлық. Ешкім қатты қиналып жатқан жоқ», - деп мәлім етті Мұратов.
Кавасаки ауруы (оны Кавасаки синдромы деп те атайды) – оны алғаш рет 1967 жылы сипаттаған жапондық дәрігердің құрметіне аталған сирек кездесетін ауру. Ол алдымен қан тамырларының қабынуымен, бөртпелермен, көмекей безінің ісінуімен, еріндерінің кеуіп кетуімен сипатталады және бес жасқа дейінгі балаларда кездеседі.
Еске салсақ, 14 мамырда Қазақстандағы жетекші инфекционист Динагүл Баешева коронавирус салдарынан балалардың қан тамырлары зақымданатынын айтқан еді. Ол балалар қолдарын жуып, антисептик қолданып, әлеуметтік қашықтықты сақтаулары керегін айтқан болатын.
Тамыз айының басында Кавасаки синдромының Ақтөбе облысында коронавирус жұқтырған балалардан анықтала бастағаны хабарланды.
10 тамызда ҚР денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов елімізде аталмыш синдромның үш дерегінің тіркелгенін мәлім етті.

adimage