Назарбаев Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті

Астана. 20 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті», - делінген сәрсенбідегі Ақорда хабарында.
Баспасөз қызметінде нақтылаандай, әңгімелесу барысында Тәжікстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық деңгейде мойындалған саясаткер ретінде тәуелсіз Қазақстанның дамуына, сондай-ақ өңірдегі және әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.
«Тәжікстан халқы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Қазақстан-Тәжікстан стратегиялық серіктестігін ілгерілетудегі тарихи рөлін жоғары бағалайды», - деді Рахмон.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Нұрсұлтан Назарбаевқа зор денсаулық және алдағы қызметіне табыс тіледі.
«Тараптар алдағы уақытта тұрақты байланыстарын жалғастыра беруге уағдаласты», - делінген хабарда.
Еске салсақ, 19 наурызда Қазақстан тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 20 наурызынан бастап Қазақстан президенті лауазымындағы өкілеттігінің аяқталғаны туралы жарлыққа қол қойды. Кезекті сайлауға дейін мемлекетті сенаттың экс-спикері Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын болады.

adimage