Қоғамдық резонанстан кейін ресейлік журналистен қолдан тағылған айып алынып тасталды

Алматы. 12 маусым. ҚазТАГ – Қоғамдық резонанстан кейін ресейлік журналист Иван Голуновтан қолдан тағылған айып алынып тасталды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Биологиялық, криминалистік, дактилоскопиялық және генетикалық сараптамалар жүргізгеннен кейін қылмыстың жасалуына қатысы бары дәлелденбегендіктен азамат Голуновты қылмыстық тексеру ісін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бүгін ол үй қамағынан босатылады, тағылған айып алынып тасталды», - деп хабарлады РФ ішкі істер министрі Владимир Колокольцев.
Оның айтуынша, Ресей ІІМ өзіндік қауіпсіздік бөлімшесіндегі ішкі тексеру материалдары РФ тергеу комитетіне «Медуза» интернет-басылымының ұсталған тілшісіне қатысты полиция қызметкерлерінің әрекетінің заңдылығын бағалау үшін жіберілді.
«Тексеру кезеңінде олар қызметтік міндеттерін атқарудан шеттетілді. Мен РФ президентінің алдында Мәскеу бойынша ІІМ МБ БАО бойынша ІІБ бастығы полиция генерал-майоры Андрей Пучков пен Мәскеу бойынша Ресей ІІМ МБ есірткі айналымын бақылау басқармасының бастығы полиция генерал-майоры Юрий Девяткинді қызметтерінен босату туралы өтініш жасау туралы шешім қабылдадым. Мамандығына қарамастан кез келген азаматтың құқығы әркез қорғалуы керек деп санаймын», - деп мәлімдеді Колокольцев.
6 маусымда Иван Голуновты «Цветной бульвар» метросының стансасы жанында ұстаған. Оны жекелей тексеру және пәтерін тінту барысында тілшіден полицейлер есірткі тауып, оған есірткіні сату және жасау айыбын таққан. Голуновты 20 жыл бас бостандығынан айыру қаупі төнген. Журналистің өзі болса оған есірткіні әдейі салғандарын, және оны өзінің зерттеу жұмыстарымен байланыстырған. Полицейлердің тексеру жұмыстары кезінде көптеген бұзушылықтар орын алған. «Медуза» тілшісінің ұсталуы қоғамдық резонанс тудырды. Жүздеген адам Ресей ІІМ, Никулинск соты және бас прокуратура ғимараты алдында тоқтаусыз қарсылық акциясын өткізді, полицияның әрекетін тәуелсіз БАҚ-тан басқа көптеген билікке бағынышты ресейлік БАҚ-та сынға алды. Голуновқа қылмыстық айып тағуды ЕҚЫҰ мен Еуропа Кеңесі де сынады, жетекші батыс елдерінің астаналарында, соның ішінде Вашингтон мен Лондонда журналистің ұсталуына орай акциялар өтті.

adimage