Оңтүстік Кореяда баланы қағып кеткен қазақстандық 2,5 жылға сотталды (толық)

Алматы. 10 қаңтар. ҚазТАГ - Оңтүстік Кореяда баланы қағып кеткен қазақстандық 2,5 жылға сотталды, деп хабарлады реси БАҚ.
«Екі жыл алты ай – Оңтүстік Кореяда жеті жасар баланы қағып кеткен қазақстандыққа бүгін осындай үкім шығарылды», - делінген жұмадағы хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, баланың ата-анасы сотталушыны кешірмеген. Олардың айтуынша, зардап шегушінің еміне 60 млн воннан астам қаржы жұмсалған, бұл $50,5 мыңнан астам.
Сонымен қатар, баланың әкесі мен анасы балаларына қарау үшін жұмыстарын да қойған.
Қазақстандықтың қорғаушысы Чой Хак Се үкімді әділ емес деп санайды. Ол сотта баланың жолды өтуге болмайтын жерден кесіп өтіп бара жатқаны дәлелденді дейді. Одан бөлек, сотталушы, баланы қағып кеткеннен кейін тоқтап, оған медициналық көмек көрсетіліп жатқанына көзі жеткесін ғана кетіп қалды дейді. Сонымен қатар адвокат қорғалушысының Қазақстанның құқыққорғау органдарына өз еркімен берілгенін атап өтті.
«Сот шешімі баланың басын қатты жарақаттағанына негізделген. Зардап шегуші тараппен келісуге тырысу үшін біз апелляцияға беруге ниеттіміз. Мүмкін, егер баланың денсаулығы қалпына келсе, ата-аналары шешімдерін өзгертер. Менің қорғалушымның жағы әзірге баланың еміне ақша бере алмайды, себебі ол өте үлкен сома, тіпті Корея азаматтары үшін де», - деді Чой Хак Се.
Ол сондай-ақ, баланы қарашада ауруханадан шығарғанын жеткізді. Оның әкесі сотталушының анасымен кездесуден бас тартқан.
Өз кезегінде ҚР сыртқы істер министрлігінің (СІМ) баспасөз қызметі нақтылағандай, қазақстандық Сырым Шәрібековтың үкімі 10 қаңтарда Оңтүстік Кореяның Чангвон қаласы сотының қорытынды отырысының нәтижесі бойынша шығарылған.
«Адвокаттың ақпарынша, айыпталушы тарап сот шешімін апелляцияға бермек. Апелляциядан бас тартылған жағдайда жазасын өтеу мерзімі 2019 жылдың 14 қазанынан бастап есептеледі, яғни оның Корея Республикасына барған сәтінен бастап. Қазіргі таңда Шәрібек Чангвон қаласының түрмесінде жазасын өтеуде», - деп атап өтті ведомстводан.
Еске салсақ, 2019 жылдың 16 қыркүйегінде Қазақстаннан барған 20 жасар еңбек мигранты Оңтүстік Кореяда баланы қағып, ЖКО орнынан жасырынған еді. Кейін оны Павлодардан тапты, сосын ол өз еркімен Оңтүстік Кореяға оралды.
21 қазанда ҚР СІМ Оңтүстік Кореяда баланы қағып кеткен Қазақстандыққа бес жылға бас бостандығына айырылу қаупі төніп тұрғандығын хабарлаған болатын.


adimage