Оралды су басуы мүмкін, Боранбаевтың қонақүйі тағы сатылып жатыр және тағы басқа тақырыптар дайджесті

   Астана. 15 сәуір. ҚазТАГ - Оралды су басуы мүмкін, Боранбаевтың қонақүйі тағы сатылып жатыр және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсанады.
  «Екі-үш күнде Оралды су басуы мүмкін»
  Орал қаласының әкімдігі Ресей аумағынан келетін судың мол мөлшері аймаққа екі-үш күнде жетуі ықтимал екенін айтып, дабыл қағып отыр. Осыған байланысты әкімдік тұрғындарды эвакуациялануға шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Судың мол көлемі кез келген уақытта жетіп, үйіңізді су басуы мүмкін. Өзіңіздің және жақын адамдарыңыздың өмірін қауіпке тікпей, шұғыл түрде тума-туыс, достарыңыздың үйіне орналасыңыздар. Уақытша баратын үй болмаса, қалада эвакуациялық пункттер жасақталған. Олар тұрғындарды күні-түні үздіксіз қабылдайды», - делінген хабарламада.
«Боранбаевтың қымбат қонақүйі қайта сатуға шығарылды»
Кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың иелігінен кеткен Астанадағы қымбат қонақүй қайта сатуға шығарылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Астананың инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы Қайрат Боранбаев тергеумен ынтымақтастық аясында мемлекетке тапсырған Comfort Hotel Astana қонақүй кешенін қайтадан сатылымға шығарды.
Инвестициялар басқармасының мәліметінше, 27 наурызға белгіленген алғашқы сауда-саттық қатысушылардан өтінім болмауына байланысты өтпеген.
Екінші тендер 25 сәуірде өтеді, бастапқы құны - Т3 919 431 715. Тендердің шарттары бойынша жаңа иесі нысанның мақсатын өзгерте алмайды, тек қонақүй бизнесін жүргізу үшін пайдалана алады. Сондай-ақ, үміткерден Қазақстанда қонақүйлерді басқарудың кемінде жеті жылдық тәжірибесі талап етіледі.
«Жәрдемақы мен зейнетақы қалай төленіп жатыр?»
Республикалық ақпараттық штабта өкен брифингте ЕХӘҚМ ресми өкілі Мадияр Уақпаев су тасқыны кезінде халыққа қандай әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
Оның айтуынша, төтенше жағдай режимі жарияланған қалалар мен аудандарда тұратын бес мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек мемлекеттік органдарға жүгінуді болдырмастан автоматты түрде тағайындады.
«Сондай-ақ балаларды қоса алғанда, төрт мыңға жуық адамға мүгедектікті қайта куәландыру мерзімдері автоматты түрде ұзартылды. Мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеу бұрын белгіленген топ бойынша жүзеге асырылады. Сәуір айындағы зейнетақылар мен жәрдемақылар алушылардың екінші деңгейдегі банктердегі шоттарына және Қазпоштаға кідіріссіз және толық көлемде аударылды», - деді Уақпаев брифингте.
«Сумен қасқыр және жабайы шошқалар ағып келді»
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына қатысты жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылды, деп хабарлайды Stan.kz.
TikTok әлеуметтік желіcінде Петропавлдағы су басқан Подгора ауданында сумен бірге қасқыр мен жабайы шошқалар ағып келді деген хабарлама тараған. Полицейлердің хабарлауынша, жалған ақпарат таратушы 20 жастағы Петропавл тұрғыны екені анықталған.
Сондай-ақ тағы бір азамат әлеуметтік желіде екі бала су тасқынынан қаза тапты деген жалған ақпарат таратқан.
«Шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратушылардың екеуіне қатысты әкімшілік материал жиналуда. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2 бап 3 бөлігі (Жалған ақпарат орналастыру, тарату) бойынша оларға 20 АЕК дейін айыппұл салынады", - делінген хабарламада.
«Түркістан облысында төрт түліктен құтырма ауруы табылып, карантин жарияланды»
Ашық НҚА порталында Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауыл округі әкімі шешімінің жобасы жарияланды, деп хабаралайды Kaz.inform.kz.
Жобада талқыға ұсынылып отырған шешім ветеринария туралы заңның 10-1 бабының 7-тармақшасына сәйкес екені айтылған.
«Тексеруге өткізілген төрт бас уақ малдың ми сынамасынан және бір бас жылқы миының сынамасынан құтырма ауруы табылуына байланысты Жаңабазар ауыл округі Тілектес елді мекені, Бостанов көшесі №45-120 үйлердің аумағына шектеу шаралары белгіленсін», - деп жазылған шешім жобасында.
«Тексеруге өткізілген бір бас ірі қара миының сынамасынан құтырма ауруы табылуына байланысты Жаңабазар ауыл округі Қарабастау елді мекені Төленді көшесі №134 тұрғын үйдің аумағына шектеу шаралары белгіленсін»,- деп жазылған құжатта.

Фото көзі: Informburo.kz


adimage