ҚР Бас прокуратурасы балаларды тасымалдау саласындағы көптеген заң бұзушылықтарды анықтады

   Астана. 4 шілде. ҚазТАГ – Қазақстанның Бас прокуратурасы балаларды тасымалдау саласында көптеген заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады қадағалау органының баспасөз қызметінен.
   «Білім беру ұйымдарының балаларды тасымалдау қызметтерін көрсету сапасы мен қауіпсіздігін талдау шеңберінде Бас прокуратура көптеген заң бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен, қажетті жүргізу санаты және тасымалдаушының жолаушылар алдындағы жауапкершілігін міндетті сақтандыруы жоқ жүргізушілердің балаларды тасымалдау фактілері тіркелді»- делінген дүйсенбі күні таратылған хабарламада.
  Кей өңірлерде оқушыларды тасымалдауға бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылған және балалармен жұмыс істеуге құқығы жоқ адамдар жіберілген.
«Кейбір автобустар рейс алдындағы техникалық қарап-тексеруден, ал жүргізушілер медициналық куәландырудан өтпеген. Жалпы, автобус паркінің жай-күйі, олардың материалдық-техникалық жабдықталуы (өрт сөндіргіштердің, қауіпсіздік белдіктерінің, жарқылдауық маяктардың, "Балаларды тасымалдау" тақтайшаларының болмауы және т.б.) қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді деп танылды» - делінген хабарламада.
Биыл 28 сәуірде Бас прокуратура білім және ғылым министрлігінің атына прокурорлық қадағалау актісін енгізді, оны қарау нәтижелері бойынша жол берілген заң бұзушылықтар үшін 93 адам (оның ішінде мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, әкімдік қызметкерлері) тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
«Автопаркты жаңарту және балаларды тасымалдау үшін өңірлер мектептерін автобустармен қамтамасыз ету жұмыстары басталды. Әкімдіктер 515 жаңа автобусты, олардың бір бөлігін алдағы оқу жылына қарай сатып алуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар оқу-ағарту министрлігі қазіргі уақытта ішкі істер министрлігімен бірлесіп тексеріс жүргізуде», - деп толықтырды Бас прокуратура.

adimage