ҚР мәдениет министрлігі әлеуметтік желілерде спорттық сабақтар мен чемпиондардың сұхбаттарын көрсететін болады

Астана. 26 наурыз. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. ҚР мәдениет және спорт министрлігі әлеуметтік желілерде спорттық сабақтар мен чемпиондардың сұхбаттарын көрсететін болады, деп хабарлады ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.
«Мәдениет және спорт министрлігі бірнеше онлайн-жобаны іске қосты. Сонымен, #Bizbirgemiz_sport хэштегімен Instagram әлеуметтік желісін қолданушылар үшін онлайн-жаттығулар мен Олимпиада чемпиондарының, Азия мен әлем чемпионаты жүлдегерлерінің сұхбаттары қолжетімді болады. Спорттық сабақтар мен дұрыс тамақтану туралы дәрісті көре аласыздар», - деді Абаев бейсенбідегі брифингте.
Сонымен қатар, #Bizbirgemiz_culture тарауында онлайн шебер-кластар, дәрістер, театрландырылған қойылымдар мен тағы да басқалар өткізіледі.
«Сондай-ақ, қазақстандық тыңдаушылар үшін «Карантиндегі жұлдыз» онлайн-жобасы іске қосылды. Әр кеш сайын YouTube тікелей эфирінде белгілі қазақстандық әртістердің концерттері өтеді. Өздерінің онлайн-концерттерін Жұбаныш Жексенұлы, Жеңіс Сейдоллаұлы, Ғәділбек Жанай өткізді, ал бүгін көрермендеріне арнап Роза Рымбаева онлайн концертін өткізеді», - деді Абаев.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 428 мыңға жуық, қайтыс болғандар – 19 мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан да табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген.
Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирус жұқтырудың 109 жағдайы тіркелген. 25 наурызда белгілі болғандай, коронавирус жұқтырған екі қазақстандық емделіп шыққан.

adimage