ҚР қорғаныс минінің штатын оңтайландыру есебінен жыл сайын Т450 млн астам үнемделеді

Астана. 12 қараша. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қорғаныс ведомствосының басшысы Нұрлан Ермекбаев жыл сайын оңтайландыру есебінен Т450 млн астам үнемдеу жоспары туралы айтты, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Қорғаныс министрі ведомствоның орталық аппаратының қызметіне функционалды талдау жүргізудің бірінші кезеңі туралы есеп берді. Оның айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде министрліктің, бас штабтың және әскери басқарманың жергілікті органдарының 300-ден аса штаттық бірлігі оңтайландырылды. Соның есебінен 2020 жылдан бастап жыл сайынғы үнем 450 миллион теңгеден асатын болады. Бұл қаржы әскери құрамды материалдық тұрғыдан ынталандыруға бағытталады», - делінген сейсенбідегі хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, Нұрлан Ермекбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа кезекті әскер қатарына шақыру науқанының қорытындылары, қысқы оқыту маусымына дайындық және әскери техникаларды қысқы режимге көшіру жөнінде мәлімет берді. Бұдан бөлек әуе қорғанысы мен әскери-теңіз күштерін дамыту, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери шеруге дайындық, сондай-ақ, әскери қызметшілерді әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселелері қозғалды.
«Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Қарулы Күштерін қазіргі заман талабына сай жасақтауға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді», - деп хабарлады Ақордадан.

adimage