Шымкенттің әлі көрсетері көп

Шымкент. 10 тамыз.ҚазТАГ - «ТМД елдерінің мәдени астанасы» атағы бұған дейін Қазақстанның екі қаласына бұйырған болатын. Ол Нұр-Сұлтан мен Алматы шаһары. Атаулы жылдар қос мегаполисте дүбірлеп өтіп, ел аузында қалған-ды. Ал 2020 жылы бұл мәртебеге шуақты Шымкент қаласы ие болған еді. Өкінішке қарай, пандемияның етек жайып, індеттің таралуына байланысты шетелдік қонақтар шымқаланың қонақжайлылығы мен мәйекті мәдениетін сезіне алмады. Есесіне көре алды. Онлайн режимде өткен «Шымкент 2020 - ТМД елдерінің мәдени астанасы» жобасының ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Мереке мұнымен бітіп қалмақ емес.
Таяуда ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Рашид Мыңбаев «Шымкент 2020 – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылы аясында өткізілетін шаралар және атқарылған жұмыстар жөнінде сөз қозғаған болатын.

Р.Мамытұлы елімізде енгізілген карантин режиміне байланысты іс-шаралар онлайн форматта өткізілетінін жеткізді. Мерекелік шаралар тамыз айында басталып, жыл соңына дейін жалғасын таппақ. Осы уақыт аралығында халықаралық 7 мәдени шара өтеді. Олар – ТМД елдері арасында халық аспаптарында орындаушылардың «Достастық халықтарының музыкасы», Қазақтың ұлы композиторы, Қазақстан Республикасы Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» эстрадалық әндерді орындаушылары, «Шымкент – қайырымды қала» балалар шығармашылығына арналған, «Достастықтың опера жұлдыздары» опера орындаушылары, ТМД елдерінің театр фестивальдері және Қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай сөзі» онлайн оқу мен ТМД елдерінің халықаралық музей апталығы. Айта кететін жәйт, аталған іс-шараларға бюджеттен қаржы қаралмайды екен.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, елімізде төтенше жағдай енгізген уақыттан бері қалалық басқарманың 18 мекемесі тарапынан онлайн түрде 820 іс-шара өтіп, 63 бейнеролик дайындалып, 300 мыңға жуық көрермен тамашалаған. Бұл мәдени шараларға қаржы жұмсалмаған. Яғни, аталған басқармаға бөлінген қаржы індетке байланысты толық қайтарылған.
Мәдени жыл аясында биыл карантинге қарамастан қалада бірқатар мәдениет нысандары ашылып, біразы жөндеуден өтуде. Айталық шаһардың басты туристік аймағы - «Шымкент қалашығы» (Цитадель) нысанын қайта қалпына келтіру және абаттандыру мен мұражайландыру жұмыстары аяқталуға шақ тұр. Мамандар мұны күз айында бітіреді. Салтанатты ашылу рәсімі онлайн форматта өтеді деп күтілуде.
Сондай-ақ үшінші мегаполистегі ең әсем гүлзардың бірі «Шәмші аллеясы» жаңаша келбетке ие болмақ. Бұл туралы жақында ғана жұмысына кіріскен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мәлімдеді. 2006 жылы салынған нысан араға бес жыл салып демеушілердің көмегімен орталық бөлігіне сахна, жаяу жүргіншілер алаңы салынып, «жұлдыздар аллеясы» құрылған болатын.


Ескіре бастаған аллеяға жан бітіру үшін 2019 жылы Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан «Шәмші әлемі» гүлзарын абаттандыру жұмыстарының сметалық құжаттары әзірленіп, ұсынылды. «Жоба бойынша плиталық төсеніштерді толықтай жаңарту, суғару жүйесін алмастыру (тік ұңғыма қазу), қосымша көркейту элементтерін орнату және өзге де жұмыстарды атқару жоспарланған. Бүгінде аталған құрылыс жұмыстарына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен республикалық қазынасынан 207 млн теңге қаржы бөлінді. Мұнда қазір 52 азамат жұмыс жасап жүр. Жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталып қалады. Сондықтан ақшаның жоқ кезінде жаңа аллеяны бұзып, қайта салды деген түсінік болмауы тиіс. Бұл қаржыны бөлудегі түпкі мақсат, жергілікті жерде жұмыс орындарын ашу», - дейді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Бүгінде жауаптылар жөндеу жұмыстарын 3 аймаққа бөлген. Алғашқысы «Шәмші аллеясы», Неке сарайы және көл аумағы. «Шәмші аллеясында» төсеніштер алмастырылып, жұлдыздар аллеясы мен қолданыстағы ескерткіштер өзгеріссіз қалады.
«Мәдени астана» жылы аясында қалаға келетін қонақтардың жайы да назардан тыс қалмады. Бүгінде шаһарға келетін қонақтарды Шымкент қаласының көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында Туризм басқармасы тарапынан қаланың ірі көшелерінің қиылысына ақпараттық навигациялық стелалар орнатылып жатыр.
Навигациялық стела – бұл жақын орналасқан туристік нысандар туралы ақпарат көзі ретінде қызмет ететін, әрі аймақта жылдам бағыт алуға жағдай жасайтын шағын көлемді дизайн.
Бүгінгі таңда аталған навигациялық стелалардың бірі - Б. Момышұлы және Желтоқсан көшелерінің қиылысында орнатылды. Алдағы уақытта бұдан өзге 29 стеланы орналастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Шымкент үшін «ТМД елдерінің мәдени астанасы» атану үлкен мәртебе. Сондықтан қарусыз майданда кеселмен күресіп жүрсе де, шымкенттік билік өкілдері атаулы жылды абыроймен өткізу үшін барын салуда.

adimage