Тексеріс «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның ЖЭО-2-сінде күрделі жөндеудің кешіктіріліп жатқанын анықтады

Қарағанды. 1 маусым. ҚазТАГ – Тексеріс «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) АҚ-ның ЖЭО-2-сінде күрделі жөндеудің кешіктіріліп жатқанын анықтады, деп хабарлады энергетика министрлігінің баспасөз қызметінен.
«2023 жылғы 30 мамырда Қарағанды облысы бойынша Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаментінің өкілдері энергетикалық кәсіпорындардың алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығын бақылау шеңберінде «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның ЖЭО-2-сінде болды. 2023 жылға арналған жабдықты жөндеудің бекітілген графигіне сәйкес электр станциясын алдағы жылыту кезеңіне дайындау үшін № 1, 2, 4, 5 қазандық агрегаттарында, № 3 турбоагрегатта күрделі және кеңейтілген-ағымдағы жөндеулер жүргізу жоспарланған. Қалған негізгі және қосалқы жабдықтар бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған», - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.
Жұмыстың аяқталу мерзімі 25 мамырдан тамыздың басына дейін ауыстырылды.
«Жұмыстарды мердігер ұйымдардың 70-ке жуық қызметкері тәулік бойы орындап жатыр. Жұмыстарды жүргізу жүк көтергіш тетіктердің ақаулы күйіне байланысты қиындай түсуде. Қазандықтағы газ құбырларының учаскелерін жөндеуге келісімшарт жасалмаған. Ағымдағы жылдың сәуір айына жоспарланған № 2 турбинаны ағымдағы жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Департамент ағымдағы жағдай туралы тиісті хаттарды «Арселор Миттал Теміртау» АҚ басшылығына және өңір әкімдігіне жолдады. Жөндеу кампаниясының өтуі және Теміртаудың ЖЭО-2 алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығы Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаментінің тұрақты бақылауында», - делінген хабарда.

adimage