Тоқаев пен Пашинян кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

   Астана. 15 сәуір. ҚазТАГ- Қазақстан президенті Қасым- Жомарт Тоқаев пен Арменияның премьер- министрі Никол Пашинян кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
  «Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Шағын форматта өткен кездесуден кейін Қазақстан мен Армения басшылары келіссөзді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғастырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванға сапармен келуге шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Никол Пашинянға алғыс айтты»,- делінген дүйсенбі күнгі хабарламада.
  Сондай-ақ ол Қазақстан Президенті ретінде Арменияға алғаш рет ресми сапармен келгенін атап өтті.
«Қазақ-армян әріптестігін жаңа деңгейге көтеруге қатысты бастамаңызды толық қолдаймын. Біз армян халқының терең тарихына, ежелгі мәдениеті мен салт-дәстүріне зор құрметпен қараймыз», – деді мемлекет басшысы.
  Қазақстан Президенті өзінің Арменияға ресми сапары Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл толуына орай өтуінің символдық мәні бар екеніне назар аударды.
  «Ширек ғасыр ішінде екіжақты қатынастардың берік негізі қаланды. Саяси диалог белсенді дамып, үкіметтер мен парламенттер арасында байланыс орнады»,- делінген хабарламада.
  «Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ықпалдастықты одан әрі дамытудың мейлінше перспективті бағыттарын айқындап берді. Оның айтуынша, ең өзекті міндет – экономикалық қарым-қатынастарды сапасы мен мазмұны жағынан байыта түсу. Өзара сауда-саттықты ұлғайту үшін азық-түлік секторында, инвестиция, көлік-логистика, IT-индустрия және құрылыс салаларында айтарлықтай резерв бар»,- деп хабарлады Ақорда.

Фото көзі: Пресс-служба Акорды


adimage