Тоқаев ҚР президенті сайлауының әділ және ашық өтетініне кепілдік берді

Астана. 9 сәуір. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауының әділ және ашық өтетініне кепілдік берді.
«Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», - деді Тоқаев сейсенбі күні Қазақстан халқына жолдауында.
Бұл ретте ол қазақстандықтарды сайлауға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
«Қадірлі Отандастар! «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді дана халқымыз. Алдағы сайлауға баршаңызды барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Еліміздің келешегі, әр отбасы мен әр азаматтың тағдыры Сіздердің шешімдеріңізге тікелей байланысты!», - деді Тоқаев.
Тоқаев үндеуінде мәлімдегендей, президенттің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымы күні өтеді.
Бұған дейін хабарланғандай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевты, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевті, Қазақстан коммунистік халық партиясы Орталық Комитетінің хатшысы Айқын Қоңыровты, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаевты қабылдады. Кездесу барысында қоғамдық-саяси күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
Еске салсақ, 19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 20 наурызынан бастап мемлекет басшысы қызметіндегі өз өкілеттігін тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Кезекті президент сайлауына дейін мемлекетті сенаттың экс-спикері Тоқаев басқаратын болады.

adimage