Тоқаев Семей полигонындағы сынақтан зардап шеккен азаматтарға тиісті түрде қолдау көрсетуге шақырды

Алматы. 26 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШҚО-ға жұмыс сапары аясында Семей полигонындағы сынақтан зардап шеккен азаматтарға тиісті түрде қолдау көрсетуге шақырды, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Қасым-Жомарт Тоқаев полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет екеніне баса мән беріп, қазір «Семей полигонындағы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан тұрғындарды қорғау және оңалтуға арналған бұған дейінгі шаралардың тиімділігі» жөнінде арнайы зерттеу жүргізіліп жатқанын атап өтті», - делінген хабарда.
Бұл ретте Тоқаевтың сөздеріне сілтеме жасала отырып, Семейде және осы өңірге қарасты ауылдарда 1300-ден астам мүмкіндігі шектеулі бала бар екендігі көрсетілген.
«Қажетті жағдай жасалмаған тар ғимаратта орналасқан оңалту орталығы бір уақытта 35 бала ғана қабылдай алады. Бұл – шындық. Мұндай жағдай мүлде сын көтермейді. Облыс әкіміне мәселені дереу қолға алып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», – деді Тоқаев.

adimage