Тоқаев қызмет бабында қаза тапқан қостанайлық полицейді «Айбын» орденімен марапаттады

Астана. 20 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайда қызмет бабында қаза тапқан Дархан Базарбаевты «Айбын» орденімен марапаттады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ішкі істер министрлігі Қостанай облысы Полиция департаменті Қостанай ауданы полиция бөлімінің полицейі Дархан Серікұлы Базарбаев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталсын (марқұм)», - делінген Тоқаевтың дүйсенбідегі жарлығында.
Еске салсақ, 19 қаңтарда Тобыл қаласында патрульдік полиция тобы отбасылық жанжал туралы келіп түскен қоңырау бойынша барады. Жанжалдасушыны ұстау барысында полицей Дархан Базарбаев жүрек тұсынан ауыр жарақат алады, дегенмен қылмыскерді зиянсыз етеді. Полиция қызметкері ауруханаға бара жатқан жолда қаза тапқан.

adimage