Тоқаевтың автомобиль жолдарының сапасына қатысты сынынан кейін тағы бірқатар топ-шенеунік қызметінен босатылды

Астана. 20 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың автомобиль жолдарының сапасына қатысты сынынан кейін тағы бірқатар топ-шенеунік қызметінен босатылды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша республикалық және жергілікті жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарын ретке келтіру жалғасып жатыр. Осы саладағы жұмыстарды және бақылауды босаңсытып алғаны үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы С.Бармақов, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары әкімдерінің орынбасарлары Т.Шәкімов, И.Турков және Н.Қалауовтар қызметінен босатылды. Үкімет, әкімдер, құқық қорғау органдары бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуының алдын алу, жол құрылысы саласындағы келеңсіздіктерді жою үшін шаралар қабылдап жатыр», - деп жазды Уәли сейсенбі күні.
Еске салсақ, 9 сәуірде Тоқаев елдегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайы азаматтар тарапынан дүрыс сынға ұшырап жатқанын айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, жолдардың сапасының төмен болуы салдарынан оларға жыл сайын жөндеу жұмыстары жасалуы керек, ал ол болса сапасыз жасалады.
Президент үкіметке, әкімдер мен құқық қорғау органдарына жағдайды түзету бойынша жүйелі шаралар қабылдауды және ол туралы есеп беруді тапсырған болатын.
16 сәуірде Ұлан Әліпов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшысы қызметінен босатылды.

adimage