Қытайлықтармен төбелескен қазақстандықтарға қару қолдану айыбы тағылуда – адвокат

Алматы. 23 қазан. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Алматы облысында қытайлықтармен төбелескен Қазақстан азаматтары қару қолданды деген күдікке ілінді, деп хабарлады адвокат Ляззат Ахатова.
«Қылмыстық іс ҚР ҚК үш бабы бойынша қозғалды, Қазақстан азаматтарына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Олар қылмыстық топ құрамында қару қолдану арқылы әрекет етті-міс, ауыр дене жарақаттарын келтірген. Бесеуі де тергеу изоляторында, екі айға қамауда ұстауға санкция берілген», - деді Ахатова сәрсенбідегі баспасөз мәслихатында.
Бұл ретте ол түсіндіргендей, күдіктілердің айтуынша, олар қару қолданбаған.
Еске салсақ, 9 қазанда Алматы облысында қытайлық жұмысшылар мен жергілікті тұрғындар арасында төбелес болған. Оған қытайлық жұмысшылардың қазақ жүргізушісін ұрғаны себеп болған. Келесі күні жергілікті тұрғындар тобы қытайлық жұмысшыларды ұрған, соның салдарынан бірнеше адам дене жарақатын алған.
«Олар үш қытайлықтың бір қазақты ұрғанын естіген, сосын бірінші төбелеске қатысы жоқ басқа қытайлықтарды ұрған. Олар қару қолданбаған, керісінше, арматура қытайлықтар отырған автобустан табылған. Олар ұрғандарын мойындайды, бірақ қару қолданбаған, ал мынау қару қолдануға қатысты бап қой. Ал ана 68 қытайлықты елдеріне қайтарды, себебі олар заңсыз жұмыс жасап жүргеен», - деп түсіндірді адвокат.
Оның айтуынша, тергеу нұсқасы бойынша бес жергілікті тұрғын 40-тан астам қытайлық жұмысшыны ұрған.
«Іс бойынша 42 зардап шегуші, автобуста 42 қытайлық азамат болған, іс материалы бойынша осылай. Ал дене жарақатын алды-мыс дегендерді ешкім көрмеген», - деді Ахатова.

adimage