Қызылорда облысында 240 кг астам уран концентратын сату әрекетінің жолы кесілді

Күні: 12:36, 28-10-2019.

Астана. 28 қазан. ҚазТАГ – Қызылорда облысында 240 кг астам уран концентратын сату әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлады Қазақстан ҰҚК баспасөз қызметінен.
«2019 жылдың 23 қазанында ҚР ҰҚК қызметкерлері Қызылорда облысы аумағында 240 келі уран концентратын сату әрекетінің жолы кесті. Өткізілген арнайы операция нәтижесінде қылмыстық топтың 4 мүшесі қылмыс үстінде ұсталды. Оларға Қылмыстық кодекстің 283-бабы 2-бөлігі бойынша («Радиоактивтi заттармен, радиоактивті қалдықтармен, ядролық материалдармен заңсыз жұмыс істеу») күдік келтірілді», - делінген дүйсенбіде таратылған хабарда.
ҰҚК нақтылағандай, Ядролық физика институты мамандарының қорытындысы бойынша, алынған уран концентраты қауіпті радиоактивті зат болып табылады. Көрсетілген заттың сәулелену деңгейі рұқсат етілген көрсеткіштен бірнеше есе артық және қоршаған орта мен халық денсаулығына қатерлі қауіп төндіреді (радиологиялық және токсикологиялық зардаптар).
«Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қылмыстық топ өкілдері радиоактивті затты ванадий кен орнын игеретін кәсіпорыннан ұрлаған. Басқа ақпарат сотқа дейінгі тергеу мүддесінде жария етілмейді», - делінген ұлттық қауіпсіздік комитеті таратқан хабарда. .


Жаңалықтармен бөлісу: