Қызылорда облысында аударылған автобуста мұнайшылар болған – ІІМ

Астана. 3 желтоқсан. ҚазТАГ – Махамбет Абжан. Қызылорда облысында аударылған автобуста мұнайшылар болған, деп хабарлады ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жанат Әбдірахманов.
«Бұл Қазақстанның азаматтары, алдын-ала болжам бойынша. Бұл мұнай компаниясының ведомстволық автобусы. (…) Олар мұнай компаниясының қызметкерлері. Олар Құмкөлге жұмысқа бара жатқан. Сондай кен орны бар», - деді Әбдірахманов сейсенбідегі үкімет кулуарында.
Оның айтуынша, аталмыш компания «Шымкентте тіркелген, Құмкөлде жұмыс жасайды».
«Бұл «Саутс-Ойл» компаниясы (…) Қазіргі таңда сегізі мерт болды, 21-і зардап шекті». Автотехникалық сараптама жасалады, сосын мән-жайын хабарлаймыз. Қазіргі таңда шұғыл-тергеу тобы мен жол-техникалық инспекциясы жұмыс жасап жатыр. ТЖ қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірге тас жолды тексеруде, қосымша хабарлайды», - деді ӘПК орынбасары.
Бұған дейін хабарланғандай, 3 желтоқсанда сағат 05.25-те Қызылорда-Құмкөл тас жолында көктайғақ салдарынан жолаушылар автобусының жүргізушісі рөлін басқара алмай қалып, автобус аударылды. Алдын-ала болжам бойынша салонда 50 шақты жолаушы болған. Автобус Құмкөл-Қызылорда бағытында кетіп бара жатқан. Оқиға Қызылордадан 85 шақырым жерде болған. Қызылорда облысы ТЖД базасында жедел штаб құрылған. Қауырт желі телефоны ашылды +7 (7242) 24-41-61, 70-03-28.
Кешірек белгілі болғандай, оқиға орнында алты адамның денесі табылып, 29 зардап шегуші автобустан шығарылған еді, олардың біреуі ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмған.
Сәл кейінірек ЖКО орнында тағы бір адамның денесінің табылғаны хабарланды. ҚР ІІМ ТЖК ЖКО салдарынан сегіз адамның мерт болғаны, ал жалпы автобус салонында 36 адамның болғанын жеткізді.

adimage