Қазақстанда өңірлер арасында жүретін барлық жолаушылар пойызының қозғалысы уақытша тоқтайды

Астана. 2 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстанда өңірлер арасында жүретін барлық жолаушылар пойызының қозғалысы уақытша тоқтайды, деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінен.
«Елдегі эпидемиологиялық жағдайды есепке ала отырып, 2020 жылдың 31 наурызынан бастап Қазақстан аймақтары арасында жолаушылар қатынасы толық тоқтатылды. Барлық жолаушылар пойыздарының (соның ішінде жекеменшік тасымалдаушылар және басқа да теміржол әкімшіліктерінің) қозғалысы тоқтатылды. Қазіргі кезде пойыздар орналасқан орындарына қайтып жатыр. Соңғы пойыз бағыты 4 сәуірде тоқтайды», - делінген бейсенбідегі хабарда.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ төтенше жағдай кезінде сапарға шыға алмаған барлық жолаушылар билет сатып алуға жұмсаған ақшасын алдағы алты ай ішінде өздеріне ыңғайлы кез келген күні толық көлемде қайтарып ала алатынын айтады.
«Жүрмеген пойыз билетінің ақшасын сату сайттарында онлайн, «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларында немесе жекеменшік кассалардан қайтарып алуға болады. 12 наурыздан бері жолаушыларға 590 мыңға жуық билет қайтарылған. Карантин режимі аяқталған соң билет сату кассалары өз жұмысын қайта бастайды», - делінген хабарда.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны жүздеген мыңнан асса, қайтыс болғандар ондаған мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан да табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген. 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда және Шымкентте карантин шаралары күшейтілді.
Бүгіннгі таңда Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 423 жағдайы тіркеліп, 27-сі жазылып, үш адам көз жұмды.

adimage