Жамбыл облысында емдік мақсатта пайдалану үшін қарасораны өңдейтін зауыт салу жоспарлануда

Тараз. 18 қыркүйек. ҚазТАГ – Жамбыл облысында емдік мақсатта пайдалану үшін қарасораны өңдейтін зауыт салу жоспарлануда, деп хабарлады бейсенбі күні өңір әкімінің баспасөз қызметінен.
«Жамбыл облысының аумағында жүз мың гектардан астам жабайы қарасора бар. Каннабисті медициналық мақсатта зерттеу және пайдалану қазіргі таңда қарқын алуда. Басқа елдердің тиімді тәжірибесін негізге ала отырып, каннабисті дәрілік мақсаттарда пайдалануға мүмкіндік беретін қауіпсіз және тиімді жүйені құрудың уақыты жетті деп ойлаймын. Бұл жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосатыны сөзсіз», - деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бейсенбі күні.
Хабарда нақтыланғандай, аталған жобаның жүзеге асуына инвесторлар да мүдделі. «Zhana Zhol Holding limited» ЖШС директоры Александр Ким Жамбыл облысы аумағында медициналық каннабис өсіру мен өндіру бойынша жобасын ұсынды. Ол каннабистің өндірістік мақсаттағы айналымы жөніндегі өзге елдердің тәжірибесі туралы айтып берді.
Компания ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытып, қарасораны өсіру мен өндіру бағытындағы заманауи технологияларды енгізіп, кейін дәрі-дәрмек өндірісіне қажетті компоненттерді алуды көздеп отыр. Оның үстіне жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
«Өңірдің климаттық жағдайы, географиялық орналасуы дәрілік заттардың шикізатын зерттеуге, қайта өңдеуге, өндіруге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Александр Ким.
Ол жобаны 4 кезеңде жүзеге асыруды ұсынып отыр. Оның аясында зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілмек. Сондай-ақ, жаңа экономикалық кластер жасақталады.
Бердібек Сапарбаев мүделлі тараптардың бірлесе жұмыс атқаруы маңызды екенін атап өтті.
«Алғашқы кезеңде пилоттық жобаны жүзеге асыру қажет. Осылайша біз тәуекелге жол бермейміз. Жергілікті мемлекеттік органдар министрліктермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарып, жобаны созбалаңға салмауы керек», - деді Сапарбаев.

adimage