Жамбыл облысында коронавирус жұқтырғандардың үшеуі де Қырғызстаннан келген – ДСБ

Тараз. 27 наурыз. ҚазТАГ – Толқын Тәшімов. Жамбыл облысында коронавирус жұқтырғандардың үшеуі де Қырғызстаннан келген, деп хабарлады облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов.
«Коронавирус инфекциясын жұқтырудың тағы екі жағдайы анықталды. Анықталған үш жағдайдың барлығы да бір-бірімен байланысты емес. Үшеуі де Қырғыз Республикасынан келген», - деді Жұманқұлов жұмадағы брифингте.
Сонымен қатар ол жұқтыру жағдайларына толығырақ тоқталып кетті.
«Біріншісі – Қордай ауданының 1974 жылы туған тұрғыны, Қырғызстанға барған. Қырғыз-қазақ шекарасынан өту кезінде карантинге алынған, соның барысында осындай диагноз қойылған. Онымен бірге болғандардың барлығы анықталып, карантинге жатқызылды. Үшінші науқас бойынша. Ол да Қордай ауданының тұрғыны, ол да Қырғызстаннан келген. Жұмыстардың барлығы бұған дейін белгіленген алгоритм бойынша жүргізілді және карантинге жатқызылды», - деп атап өтті Жұманқұлов.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 428 мыңға жуық, қайтыс болғандар – 19 мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан та табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген. Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 121 жағдайы тіркелді. 25 наурызда екі қазақстандықтың коронавирустан жазылып шыққаны хабарланған еді. Ал 26 наурызда Нұр-Сұлтанда бір әйел коронавирус инфекциясы салдарынан көз жұмды.

adimage