Жастар туризмді дамытуға ат салыспақ

Түркістан. 17 қазан. ҚазТАГ - Джордж Вашингтон университеті мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркістан облысының туризм басқармасы Қазақстан және Орталық Азия аумағы бойынша туризмді дамыту туралы меморандумға қол қоюға уағдаласты. Бұл туралы Түркістанда өткен форумда белгілі болды.
Таяуда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында «Қазақстан және Орталық Азиядағы мәдени және рухани туризмді дамыту мәселелері» атты халықаралық форум өтті. Форумның басты мақсаты – облыс мәртебесін алған Түркістан өңірінде туризмнің сан саласын дамытып, Түркі дүниесінің рухани орталығын жан-жақты дамытуға белсенді қатысу. Жиында сөз алған университет ректоры Болатбек Әбдірәсілов алдағы уақытта ХҚТУ мен Джордж Вашингтон университеті туризмді дамыту туралы меморандумға қол қоюға ниетті екенін жеткізді.
Джордж Вашингтон университетінің «Халықаралық туризмді зерттеу» институтының директоры, профессор Селин Матуз «Мәдени туризм мәселелері» тақырыбында баяндама жасап: «Жалпы, әлемдегі ұлттар мен ұлыстардың тегі бір. Сондықтан бір-бірімізден жоғымызды табамыз. Сол арқылы рухани дүниемізді байытамыз. Түркі дүниесінің рухани орталығы болғандықтан менің ынта, құлшынысымның Түркістанға ауып отырғаны сондықтан»,- деп ағынан жарылды.
Ал Түркістан облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Перизат Қонысбаева студенттерді туризмді дамытудағы тың ойларымен қатар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Форум соңында Джордж Вашингтон университеті мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркістан облысының туризм басқармасы Қазақстан және Орталық Азия аумағы бойынша туризмді дамыту туралы меморандумға қол қоюға уағдаласты.
Айта кетейік, жалпы биыл Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің туризм мамандығына 58 студент бірінші курсқа қабылданыпты. Университетте жалпы саны 156 студент туризм мамандығын меңгеруде. Бір қуантарлығы студенттер туризмі жоғары дамыған Түркияның бес жұлдызды қонақүйлерінен іс тәжірибелерін шыңдауда.

adimage