Атырауда грепплингтен 18 жасар Азия чемпионы төбелес кезінде оқтан көз жұмды

Атырау. 12 тамыз. ҚазТАГ – Атырауда грепплингтен 18 жасар Азия чемпионы Есенбек Сигуатов төбелес кезінде оқтан көз жұмды, деп хабарлады «Ақ Жайық».
«9 тамызға қараған түні Дамба мен Құрманғазы қаламаңындағы ауылдардың бірнеше жігіттері арасында төбелес болған. Төбелес барысында белгілі атыраулық спортшы, грепплингтен Азия чемпионы Есенбек Сигуатовтың жүрегіне оқ тиіп көз жұмды. Бір апта бұрын ғана ол 18 жасқа толған еді», - делінген сейсенбідегі хабарда.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, келесі күні Дамбада полиция рейді өткен.
«Полиция қызметкерлері ізін суытпай аталмыш қылмысты жасаған күдіктіні анықтап, ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына тоғытылды. Тиісті сараптама тағайындалды, аталмыш дерек бойынша ҚР ҚК 99 бабы (адам өлімі) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деді өңірдегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

adimage