Қазақстан билігі көмірді халыққа ғаламтор арқылы сатуды пысықтап жатыр

Астана. 3 қазан. ҚазТАГ – Қазақстан билігі көмірді халыққа ғаламтор арқылы сатуды пысықтап жатыр, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Ал сату орындарында көмір бағасының өсуіне жол бермеу үшін оны үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету және автомобиль көлігімен елден тыс жерлерге әкетуді шектеу (6 айға) жөнінде шаралар қабылданды.
Сонымен қатар азаматтарға ыңғайлы болуы үшін көмірді танымал маркетплейстер мен банк қосымшалары арқылы өткізу жолдары пысықталып жатыр. Бұл бағытта еліміздегі ең ірі банктердің бірі Қостанай облысында пилоттық жобаны іске қосты», - деп хабарлады дүйсенбі күні үкіметте өткен кеңес қорытындысы бойынша премьер-министрдің баспасөз қызметінен.
Премьер-министр Әлихан Смайылов бұл тәсіл көмір сатылатын орындарда кезектерді азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Бұл тұтынушыларға қолайлы, өте жақсы цифрлық шешім. Үйден шықпай-ақ көмірге тапсырыс беруге болады. Жергілікті жерлерде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», - деді Смайылов. Ол көмір бөлу мен жеткізуді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Хабарда атап өтілгендей, 2022 жылғы қаңтар-тамызда елімізде 73,7 млн тонна көмір өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,2%-ға көп. Көмір өндіруші кәсіпорындардың деректері бойынша оның негізгі разрездердегі құны өткен жылғы деңгейде сақталған.

adimage