Қазақстанда оралмандарға азаматтық алуды жеңілдету ұсынылуда

Астана. 6 сәуір. ҚазТАГ – Асхат Ахметбеков. Қазақстанда этникалық қазақтарға оралман мәртебесін иемденуде, ҚР азаматтығын алуда бірқатар жұмсартқыш шарттарды қабылдау ұсынылуда, деп хабарлады ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмәди Сарбасов.
«Қазіргі таңда этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуын жетілдіру, олардың қабылдаушы қоғам жағдайындағы бейімделу және интеграциялау жайын жақсарту мақсатында «Қазақстан Республикасының көші-қон және жұмыспен қамту жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жасап шығарылды», - деп хабарлады А. Сарбасов ҚазТАГ агенттігінің сұрауына.
«Заңжоба этникалық қазақтарға оралман мәртебесін иемденуде (орналасу өңіріне қарамастан, оралман мәртебесін бастапқы иемдену), Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіпте алуда (оралман мәртебесін алғаннан кейін бір жыл ішінде) бірқатар жұмсартқыш шараларды, сондай-ақ ҚР үкіметтің анықтаған өңірлеріне орналасқан жағдайда, әлеуметтік қоржын ұсынуды (көлік шығындарын өтеу, қызметтік тұрғын-жай немесе жатақханадан бөлме ұсыну) қарастырады», - деп нақтылады ол.
ҚР ДӘДМ өкілінің ақпарынша, қазіргі сәтте заң жобасы ҚР парламент мәжілісінің қарауында жатыр.
А. Сарбасовтың мәліметінше, ҚР «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңының 16-1 бабына сәйкес ҚР азаматтығына жеңілдетілген (тіркеу) тәртіпте Қазақстан аумағында заңды негізде 4 жылдан кем емес уақыт тұрақты тұратын немесе ҚР азаматымен 3 жылдан кем емес мерзім некеде тұрған оралмандар қабылдана алады. Мұнымен қатар азаматтықты жеңілдетілген (тіркеу) тәртіпте иемдену туралы материалдарды қарау мерзімі арыздың тапсырылған күнінен бастап 3 айдан аспауы тиіс.

adimage