«Енді мал есебін жүргізбесеңіз, еке есе айыппұл арқалауыңыз мүмкін»
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың мәлімдеуінше, енді мал есебін жүргізбегендер еке есе айыппұл арқалауы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, сібір жарасын жұқтыру жағдайларына байланысты мал шаруашылығы саласында бақылау шаралары күшейтілмек. Індеттің таралуына малдың тіркелмегені мен дер кезінде вакцинация жасалмағаны себеп болған.
«Бұл саладағы тәртіпті қатаңдатуымыз қажет. Мал иелері өз жауапкершілігін түсінуге тиіс, бейберекет мал өсіруге жол берілмейді. Мысалы сиыр бұзауласа, жеті күн ішінде бұзау есепке алынып, құлағына арнайы белгі тағылуы керек. Бізде автоматтандырылған жүйе бар, бірақ кейбір азаматтар бұл талаптарды елемейді. Жергілікті әкімдіктер мен жауапты органдарға тапсырма берілді, әр үйге барып, халыққа талаптарды түсіндіру қажет», – деді Сапаров.
Ол сондай-ақ тек мал иелері емес, сонымен қатар, өздеріне сеніп тапсырылған аумаққа бақылау жүргізбеген ветеринарлар да, ветеринарлық құжатсыз мал сатқан сатушылар да жауапқа тартылатынын атап өтті.
Астанада бір күнде терезеден төрт бала құлады
Астанада 103 қызметінің пультіне бір тәуліктің ішінде «баланың құлауы» деген себеппен төрт түрлі шақырту түскен. Балалар әртүрлі биіктіктен яғни 1-ден 16-қабатқа дейін құлаған, деп хабарлайды Baq.kz.
Ақпаратқа сәйкес, 10 және 16-қабаттан құлаған балалар оқиға орнында қаза тапты. Олардың бірі үш, екіншісі алты жаста болған. Қалған екі бала жедел жәрдем арқылы ауыр жарақатпен балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
«Өкінішке қарай, ересектердің салғырттығы салдарынан балалар денсаулығынан, тіпті өмірінен айырылып жатыр. Біз жансақтау бөліміне өте ауыр жағдайда жеткізілген балаларды көргенде мұндай жағдайға ересектер қалай жол берді? неге бала қараусыз қалған? деген сұрақтар туындайды. Балалардың биіктен құлау фактілері жылдан-жылға көбейіп барады. Жыл басынан бері көпқабатты үйлерден құлап кеткен 51 бала бізге жеткізілді. Олардың төртеуі ауруханада алған жарақатынан көз жұмды», – дейді №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының травматолог-дәрігерлері.
Қайырымдылықты уәде еткен жоба қаржылық пирамида болып шықты
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «UILI BOLAYIK» (Үйлі болайық) атты қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ақпаратқа сәйкес, әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы ретінде бүркемеленген бұл жоба аясында ұйымдастырушылар қатысушыларды мүлікті пайызсыз бөліп төлеу арқылы сатып алуға болады деп сендірген. Қатысушыларға салған қаражаты үшін ай сайын 15–30% көлемінде табыс және әр жаңа тартылған адам үшін 10% бонус уәде етілген. Нәтижесінде бұл қаржы пирамидасына 515 салымшы тартылып, Т50 млн-нан астам қаражат жиналған.
Азаматтардың қаражаты екінші деңгейлі банктердегі ұйымдастырушылардың жеке шоттарына аударылып отырған, ал «UILI BOLAYIK қайырымдылық қорының» есепшоттары іс жүзінде пайдаланылмаған және қозғалыссыз қалған.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.
Жақында киік еті сатылымға шығады: бір келі еттің бағасы белгіленеді
Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етінің бағасын жариялайды. Бұл туралы ведомство басшысы Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Тurkystan.kz.
«Жұмыс басталып кетті. Бұл іспен экология министрлігі айналысып жатыр. Біздің міндет – ет комбинаттарын қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда 18 ет комбинаты тіркелген, барлығында ветеринарлар жұмыс істейді. Қазір біз есептеп жатырмыз: қандай бағада қабылдайды, қалай сатады – бұл көп жағдайда логистикаға байланысты, сондықтан да түпкілікті баға соған тәуелді болады. Қосымша бір апта немесе 10 күн ішінде бір келі киік етіне қатысты жауап береміз», – деді министр үкіметтегі брифингте.
Фото көзі: nashzelenyimir.ru