«Ою-өрнек пен шапанымызды қорғайтын заң қажет», «Қазақстанда цензура жоқ» және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 28 маусым. ҚазТАГ – «Ою-өрнек пен шапанымызды қорғайтын заң қажет», «Қазақстанда цензура жоқ» және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Ою-өрнек пен шапанды ұлықтайтын заң қажет»

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай ұлттық құндылықтарымыз, ою-өрнек пен шапанымызды заңмен қорғайтын заң қажет екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Депутат әлеуметтік желідегі ұлттық киімімізді қорлаған, ерсі бейнежазбаларды мысалға келтірді.

«Шапан ол шетелден келген эстрада әншілері, басқа да әркімнің иығына жаба беретін қолжаулық емес. Қазақтың шапаны хан кисе де, қара кисе де, қастерлеп киген ұлттық қастерлі мүлкіміз. Сондықтан да біз шапанның қадір-қасиетін төмендетпеуіміз керек. Қазақтың шапанындағы әр оюдың өзі «сөйлейді». Оның өзі үлкен мәдениеттің үлгісі. Біз кеше ғана мұхиттың ар жағына барған өнер ұжымы жалаңаш үстіне ою жапсырып алып барғандығы – төл мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымызға түскен қара таңба. Алдағы уақытта ұлттық құндылықтарымызды қорғайтын заң керек деп ойлаймын. Ою-өрнек, шапанымызды заңмен қорғауымыз қажет», - деді мәжілісмен.

 «Қазақстанда цензура жоқ – Балаева»

Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз еркіндігі жөнінде пікірін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Журналистер парламент палаталарының бірлескен отырысында министрден елдегі сөз еркіндігі туралы пікірін сұрады.

«Біздің қоғамда сөз еркіндігі бар. Біз ашық қоғамда өмір сүріп келеміз. Мемлекет басшысының реформалары қоғамның ашықтығын септесетінін мойындау керек. Бүгінгі таңда үндемей қалуға болатын немесе тираждап таратуға тыйым салынған тақырып жоқ. Бізде мемлекеттік саясатты насихаттауда да, қоғамның проблемаларын атап өтуде де барлық жағдай бар. Цензура жоқ», - деді министр.

«Биыл балалар саудасының алты фактісі анықталды – ІІМ»

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев биыл елімізде бала сатуға қатысты алты факті тіркелгенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Биыл балаларды сатуға әрекеттенудің алты фактісі анықталды. Денсаулығына байланысты бала көтере алмайтындар бар. Яғни, олардың сұранысы бар, оны қанағаттандыратын азаматтар бар», - деді Қожаев.

Оның айтуынша, бала сату фактілеріне перзентханалардың, балалар үйлері қызметкерлерінің және өз балаларын қаламайтын жүкті әйелдердің қатысы бар. Сондай-ақ ол бала сатқандарға қатаң жаза қолданылатынын еске салды.

«Астанада LRT құрылысында өрт шықты»

Бұл туралы төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Nege.kz.

«Бүгін Алматы ауданында «Нұрлы Жол» темір жол вокзалының маңында салынып жатқан ЖРК бағаналарының аралықтары арасындағы қалыптар жанды. ТЖМ күштері 30 шаршы метрге жайылған өртті сөндірді», – делінген хабарламада.

Зардап шеккендер жоқ. Себебі анықталып жатыр.

Фото көзі: gov.kz


adimage