Шенеуніктер киіктердің шығынын есептей алмай отыр, «Димашты Қазақстанға кіргізбеймін» деген пікір және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 31 мамыр. ҚазТАГ – Шенеуніктер киіктердің шығынын есептей алмай отыр, «Димашты Қазақстанға кіргізбеймін» деген пікір және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.
«Алматыда ірі есірткі зертханасын ашқан адам сотталды»
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Бостандық ауданындағы көпқабатты тұрғын үйде 27 жастағы жігіт есірткі зертханасын ұйымдастырған, деп хабарлайды Kaz.inform.kz.
«Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері пәтерді тінту барысында медициналық шприцтер, қолғаптар, лакмус қағазы, жасыл түсті изолента, прекурсорлар мен тұз қышқылы бар ыдыстар, арнайы зертханалық шыны ыдыстар, электронды таразылар және басқа да синтетикалық психотроптық затты өндіруге арналған құралдарды тәркіледі. Дайын өнім – кристалдар түріндегі ақшыл түсті зат. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл зат жалпы салмағы 139,57 грамм Альфа-PVP есірткі екені анықталды», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.
Полиция өкілінің айтуынша, сотта айыпталушының қылмысы дәлелденіп, ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Шенеуніктер киіктердің шығынын есептей алмай отыр, бірақ оларды атуға рұқсат берді»
Қазақстанда жайылым жерді таптап, шаруаларға зиян келтіреді деген желеумен киіктерді атуға рұқсат берген. Бірақ шенеуніктер әлі күнге дейін ақбөкеннен келген шығын көлемін есептемегені белгілі болды, өйткені оларда бұған арналған әдістеме жоқ, деп хабарлайды Orda.kz.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, шаруалардың өздері Т100 млрд шығын туралы айтып жатыр, бірақ ведомствоның мұны тексеруге мүмкіндігі жоқ.
«Біз барлық жабайы жануарларды зерттейміз, бірақ олардың санын реттемейміз. Демек, бұл (диқандар киіктерден келген шығынды өтеу үшін шамамен Т100 млрд сұрады деген ақпарат – ред.) шындыққа жанаспайды. Біз шығынды өтеу үшін ақша сұрамаймыз. Бізде зиянды өтеу әдістемесі әзірленбеген. Зиянды өтеуден бұрын фермер өз қаражатының бір бөлігін жұмсауы керек. Бөкен жағдайында бұл жайылым. Фермер ешқандай шығын шығарған жоқ, ақбөкендер жегенге дейін және кейін шөптің қанша центнерге жеткенін анықтау мүмкін емес», – деді шенеунік.
Белсенді: «Димашты Қазақстанға кіргізбеймін»
Белсенді Серікжан Біләштің әлемге әйгілі Димаш Құдайбергеновті «Қытайдың жобасы» деп айтқан пікірі TikTok әлеуметтік желісінде жүр, деп хабарлайды Skifnews.kz.
«Димаш Қытайдың жобасы. Оны Америка емес, Еуропа емес дәл Қытай шығарды. Мисыз халқым соны түсінбейді. Мен билікке келсем Димашты Қытайға қайтарып жіберемін, Қазақстанға кіргізбеймін», - деді белсенді.
Белсендінің бұл пікірі желі қолданушыларының наразылығын тудырды.
«Жұбайының келісімінсіз несиеге тыйым салу: Ұлттық банк басшысы қазақстандықтарға ұсынылған заңға пікір білдірді»
Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов Қазақстанда жұбайының келісімінсіз несие беруге тыйым салуды көздейтін заң жобасы туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz.
Ол жұбайының келісімінсіз несие беруге тыйым салу туралы заңға өз пікірін білдірді.
«Менің ойымша, нормаларды ақылмен қолдану керек.Түсінуімше, агенттік қазір бұл келісімді қандай да бір шекте жасайды. Яғни, егер біреу жалақыға дейін Т50 мың қарыз алғысы келсе, жұбайының келісімі қажет емес болады. Ал егер ол Т10 млн қарыз алғысы келсе, онда, әрине, бұл қарызды кейін екеуіне бірге өтеуге тура келеді. Сондықтан тепе-теңдікті сақтап, мәселе болмау үшін мұндай шараның болғаны дұрыс. Себебі егер адам жауапсыз болса, өзінің ғана емес, сонымен бірге отбасының да әл-ауқатына қауіп төндіреді. Мұндай жағдай болмауы керек. Барлығында бірге келісім болуы керек. Отбасы болғасын бұл шешімді бірге қабылдаған жөн», - деді Тимур Сүлейменов.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage