Инфрақұрылымды қолдау қорының есебінен 2024 жылы 25 мектеп салу жоспарлануда

Астана. 16 сәуір. ҚазТАГ — Қазақстанда Инфрақұрылымды қолдау қорының есебінен 2024 жылы 25 мектеп салу жоспарлануда, деп хабарлады оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Қор Қазақстанның білім беру саласындағы жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда. Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған қордың қызметі мектептер, оларға қосымша құрылыс нысандарын, интернаттар салу, реконструкциялау арқылы үш ауысымды, апатты мектептер мен оқушы орнының жетіспеушілігін жоюға бағытталған. Осы жылы 28 мың оқушы орнына арналған тағы 25 мектепті іске қосу жоспарлануда», – деп атап өтті инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының м.а. Марлен Қасенов.
Хабарда атап өтілгендей, білім беру нысандарын іске қосу нәтижесінде өңірлерде 48 мың жаңа оқушы орны пайдалануға берілді.
«Бұған дейін апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен 76 738 орынға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Оның ішінде бүгінгі таңда 37 мектеп іске қосылды», деп хабарлады ҚР оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, осы жылдың басында Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен шамамен 15 мың орындық тағы 20 жаңа мектеп салынатыны белгілі болды. Олар пайдалануға 2025 жылы беріледі деп күтілуде.

Фото көзі: egemen


adimage