Астанадан Прагаға тікелей рейс ашылды

   Астана. 23 мамыр. ҚазТАГ- Астанадан Прагаға тікелей рейс ашылды, деп хабарлайды сыртқы істер минстрлігінің баспасөз қызметі.
   «Вацлав Гавел атындағы Прага халықаралық әуежайында Астана-Прага бағыты бойынша SCAT Airlines авиакомпаниясы жүзеге асыратын тікелей рейстің салтанатты ашылу рәсімі өтті»,- делінген бейсенбі күнгі хабарламада.
   Іс-шараға Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев, Прага қаласының әуежайы мен SCAT Airlines әуекомпаниясының басшылығы, БАҚ өкілдері, Чехияның Czech Tourism туризмді ілгерілету агенттігінің өкілдері және алғашқы рейстің жолаушылары, оның ішінде Қазақстанның хоккейден құрама командасы қатысты.
   «Б.Дүйсенбаев өз сөзінде Қазақстан мен Чехия арасындағы туризм, бизнес, мәдениет, спорт және басқа да салалардағы ынтымақтастықты әрі қарай дамыту үшін тікелей әуе қатынастың маңыздылығын атап өтті. Қазақ дипломат аталған рейс компаниялар мен екі елдің азаматтары арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруға ықпал етеді деген үмітін білдірді», – делінген хабарламада.
  Астана-Прага бағыты бойынша тұрақты рейстер аптасына екі рет сәрсенбі және сенбі күндері Boeing-737 ұшағымен орындалатын болады.

Фото көзі: Пресс-служба МИД РК


adimage