«Дикий Арманның» ісі, Елімізде петицияларды қарауға жаңа шарттар енгізілуі мүмкін және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 14 маусым. ҚазТАГ – «Дикий Арманның» ісі, Елімізде петицияларды қарауға жаңа шарттар енгізілуі мүмкін және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Қазақстанда судьялар «бір звонокпен» шешім қабылдай ма?»:

Сенатордың пікірі.

Сенатор Нұрлан Бекназаров Қазақстандағы судьялардың көбі өз бетімен шешім қабылдай алатынын айтты, деп хабаралайды Baq.kz.

«Бұрынғы жағдаймен салыстырғанда халықтың сот жүйесіне сенімі қалпына келіп жатыр. Өйткені қазіргі таңда көптеген реформалар жасалуда. Бір адамның пікірімен, бір адамның қоңырауымен шешім қабылданып жатқан жоқ. Егер болса, есімін атар едім ғой? Өзі шешім қабылдай алмайтын, құқығын пайдалана алмайтын судья орнын босатуы керек. Жалпы, судьяның заңмен құқығы белгіленген. Заң аясында уәждемелерді мұқият қарап, біліктілігі арқылы шешім қабылдауға тиіс. Судья тәуелсіз болуы керек. Ал, қоңыраумен шешім қабылдайтын судья ол судья емес», - деді Бекназаров.

«Дикий Арманның» ісі неге ұзаққа созылды?

Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Назгүл Рахметуллина «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевке қатысты сот шешімі неге ұзаққа созылып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды El.kz.

Рахметуллинаның айтуынша, істің ұзаққа созылуы онда қанша қатысушы, куәгер, сарапшы, айыпталушы, аудио, бейнежазбалар, жасырын тергеу әрекеті, жедел іздестіру іс-шарасы барына байланысты.

«Мұның бәрін ескеріп, зерделеу керек. Бұған жауап алу, адвокаттардың, прокурордың сөз сөйлеуі мен өтініштерін қосыңыз. Сондықтан сот мұның бәрін қарауға міндетті. Біз бұған шектеу қоя алмаймыз. Барлығын сот шешеді. Әрбір инстанция жағдайға байланысты мәселені қарастырып, жеке шешім қабылдайды», - деді ол.

Сондай-ақ ол «Дикий Арманға» қатысты қылмыстық іспен айналыспайтынын және бұл іс басқа инстанцияның өндірісінде жатқанын айтты.

«Елімізде петицияларды қарауға жаңа шарттар енгізілуі мүмкін»

Өтінішті үкімет қарауы үшін петицияда 50 мың қол жинау шегі көтеріле ме? деген сұраққа мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жауап берді, деп хабарлайды Nege.kz.

«Мұндай сұрақтар қоғамда қазірдің өзінде көтеріліп жатыр. Бір-бірімен келіспейтін тараптар дауыс беру межесін және өтінішті қарайтын мемлекеттік органдардың санын ұлғайту керек деген себептер айтып отыр. Әрине, бұл ұсыныстарды қарауға мәжбүр боламыз. Біз қандай да бір мәселенің шиленіске әкелуіне жол бермеуіміз керек. Сондықтан азаматтардың пікірін тыңдау маңызды», - деді министр.

«Норма кеңестік кезеңнен бері қолданыста»: Жоғарғы сот Самат Әбіштің шартты түрде сотталуына қатысты пікір білдірді
Ақпан айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының бұрынғы бірінші орынбасары әрі Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін сегіз жылға шартты түрде сотталды. Бұл шешім қазақстандықтар арасында қызу талқыға түсті. Жоғарғы сот үкімге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz.

Тілшілер Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллинадан Самат Әбіштің неліктен шартты түрде сотталғанын сұрады.

«Шартты жаза жиі қолданылады. Заңда мұндай бап бар және оны қолданбауға соттың құқығы жоқ. 63-бапта шартты түрде жаза қолданылмайтын қылмыстардың тізбесі көрсетілген. Бұл ерекше ауыр қылмыстар: 12 жылдан астам бас бостандығынан айыру жазасы, сыбайлас жемқорлық және тағы басқа. Ешқандай тыйым болмаса сот өзі шешеді. Іс бойынша адам бұрын сотталған ба, оған қандай мінездеме беріледі, жасаған қылмысының залалын өтеді ме деген секілді сұрақтардың бәрі ескеріледі», - дейді ол.

Сондай-ақ ол қылмыскерді шартты түрде соттау туралы норма кеңестік кезеңнен бері қолданыста екенін атап өтті.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage