Болат Назарбаевтың қызымен байланысты Алматыдағы бөгет ісі: ҚР Қылмыстық кодексінің бабы аталды

    Алматы. 23 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасы бас прокурорының міндетін атқарушы Тимур Тәшімбаев Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаевамен байланысты Алматы тауларындағы сел бөгетіне қатысты іс қандай баппен тергеліп жатқанын айтты, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
   «Ақсай бөгеті бойынша «TOLAGAI-2050» ЖШС мердігерлік ұйымының 13 қыркүйек 2023 жылғы міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар министрлігі «Қазселденқорғау» ММ-сі «Ақсай өзені бассейнінде селді ұстайтын бөгет салу» жобасын іске асыруға арналған шартты біржақты тəртіппен бұзды. 6 сәуір 2024 жылдан бастап Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті ЖШС басшылығына қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуде», - деп хабарлады Тәшімбаев мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып.
    Еске салсақ, 12 сәуірде төтенше жағдайлар министрлігі Ақсай бассейніндегі бөгетке қатысты жағдайда Алматының 30 мыңға жуық тұрғынының өміріне қауіп төніп тұрғанын және қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын. Сәуірдің 13-і күні ҚазТАГ агенттігі Ақбота Назарбаевамен байланысты Ақсай өзенінде сел ұстағыш бөгет салуы тиіс «Толағай-2050» ЖШС-нің 170-тен астам мемлекеттік келісімшарты бар екенін, олардың көпшілігінің құны миллиардтаған теңгені құрайтынын хабарлады.

Фото көзі: ТЖМ


adimage