2027 жылға дейін балаларға 50 жаңа сауықтыру және демалыс объектілері құрылмақ

Астана. 21 маусым. ҚазТАГ – 2027 жылға дейін балаларға 50 жаңа сауықтыру және демалыс объектілері құрылмақ, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«Жазғы демалысты сапалы ұйымдастыруда балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудың 2024-2026 жылдарға арналған ведомствоаралық іс-шаралар жоспары қабылданды. Жазғы демалыстың және балаларды сауықтырудың әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, оны ұйымдастыру мәселесі үкімет отырысында қаралды, республикалық және облыстық штабтар құрылып, жазғы демалыстың өңірлік жоспарлары бекітілді, іс-қимыл алгоритмдері мен талаптары әзірленді», - деп мәлімдеді премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қатысты депутаттардың сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, жазғы кезеңде 3,1 млн бала (92%) демалыспен және жұмыспен қамтылады, оның ішінде жекелеген санаттағы 1,4 млн бала (11,9 мың жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 2,9 мың девиантты мінез-құлықты балалар, 289,9 мың аз қамтылған балалар, 328,8 мың көп балалы отбасылардың балалары,10 мың қолайсыз отбасылардан, оқуда, спортта, шығармашылықта табысты 756,5 мың балалар).

Вице-премьер 1-4 сынып оқушылары үшін экологиялық, шығармашылық, музыкалық, спорттық; 5-8 сынып оқушылары үшін өлкетану, экологиялық, тілдік, пікірталас, туристік және этнолагерь; 9-10 сыныптар – көшбасшылық, зияткерлік, патриоттық, еңбек және колледждер мен жоғары оқу орындарының базасында кәсіптік бағдар беру бағыттары қарастырылғанын атап өтті.

Сондай-ақ, білім беру ұйымдарында күндізгі лагерьлер (мектеп жанындағы) бастауыш мектеп жасындағы балалардың демалысын қамтамасыз етеді. 10 138 мектеп жанындағы лагерьде (тамақпен/тамақсыз, толық/толық емес күн) 2,5 млн (74,3%) бала танымдық, дамытушылық және спорттық іс-шаралармен қамтылады деді.

Дүйсенованың мәлімдеуінше, санитарлық-эпидемиологиялық, терроризмге қарсы және өртке қарсы қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сауықтыру орталықтарына кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі 570 инспектор бекітілді.

«2027 жылға дейін балалар демалысы саласының инфрақұрылымын жаңарту үшін 50 жаңа сауықтыру және демалыс объектілерін құру жоспарлануда», - деді үкімет басшысының орынбасары.

Фото көзі: pixabay.com


adimage