Әшімбаевтың несие туралы пікірі, «Қазақтелекомға» ескерту жолданды және тағы басқа тақырыптар дайджесті

   Астана. 24 мамыр. ҚазТАГ – Әшімбаевтың несие туралы пікірі, «Қазақтелекомға» ескерту жолданды және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.
   «Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Қазақтелекомға» ескерту жолдады»
   Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі интернетті қымбаттатуға байланысты «Қазақтелекомға» ескерту жолдады, деп хабарлайды Turkystan.kz.
«Байланыс туралы заңнамаға сәйкес байланыс қызметтеріне тарифтерді байланыс операторлары тек негізделген шығындар негізінде белгілейді. Осыған байланысты, БҚДА Кәсіпкерлік кодекстің 198-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзудың алдын алу мақсатында 2024 жылғы 24 мамырда «Қазақтелеком» АҚ-ға қатысты заңнаманы бұзуға әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттер жасауға жол бермеу туралы алдын ала ескерту жолдады», - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, «Қазақтелеком» жақында 2024 жылғы 1 шілдеден бастап тарифтердің көтерілуі туралы ақпарат жариялаған болатын.
«Энергетика министрлігі цифрлы технология көмегімен мұнай жеткізу кестесін жетілдірмек»
Энергетика министрлігі мұнай жеткізу кестесін қалыптастыруды жетілдіретін болады. Бұл жұмысты кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіру және автоматтандыру жоспарланды, деп хабарлайды Orda.kz.
Министрліктің айтуынша, мұнай жеткізу кестесін үш кезең бойынша цифрландырмақ: нарық субъектілерінің өтінімдерді цифрлық нысанда беруі; мұнай жеткізу кестелерін таратудың цифрлық моделін құру; алушыларға кестелерден үзінді көшірмелерді автоматты түрде тарату.
«Процесстің цифрлық трансформациясы адам факторын жояды, тиімділікті арттырады және министрліктің бұл функциясының ашықтығы мен қолайлылығын қамтамасыз етеді», - деп атап өтті энергетика министрлігі.
«Халық несиемен күн көріп отыр – Әшімбаев»
Пайыз мөлшерінің жоғары болуы және жобаларды пысықтауға мән берілмеуі Қазақстандағы бизнеске несие берудің төмендеуіне әкеп соғуда, деп хабарлайды Baq.kz.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, халықтың жаппай несие алуға ұмтылуының себебі бизнестің несие салдарынан дұрыс дамымауы.
«Біз көріп отырған маңызды көрсеткіш – тұтынушы несиесінің өсу қарқыны – 2,4%, бұл бизнеске несие берудің өсу қарқынынан – 0,8% жоғары. Үш есеге жақын. Осы сандар мен үрдіс біздің бизнестің дұрыс дамымай отырғанын көрсетеді. Ол тіпті негізгі қорларға инвестицияның төмендеуінен де көрініп тұр. Халықтың үсті-үстіне несие алғаны байқалып отыр. Бұл халық өмірінің жақсылығын емес, табысы аз және әл-ауқаты төмен екендігін көрсетеді. Бұл олардың тұтынушы несиесі арқылы күн көретінін байқатады. Ұдайы әлдебір «саңылауды» жауып жүреді. Тиісінше, олар одан кейін ол несиелерді өтей алмайды. Сондықтан бұл – кешенді мәселе және ертең өңдеу өнеркәсібі бойынша парламенттік тыңдауда осы мәселелерді ішінара көтереміз», - деді Әшімбаев.
«Атырауда екі ауылдың арасындағы жырылған жолға бетон плита қойылды»
Атырау облысындағы екі ауылдың арасындағы жырылған жолға 12 метрлік бетон плита қойылды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Атырау облысы Махамбет ауданы жедел штабының үйлестірушісі Алшынбек Мұханғалиевтың айтуынша, қазір Махамбет пен Сарытоғай ауылдарын жалғайтын жолды бақылау күшейтілген.
«Бірнеше күн бұрын Жайық өзенінен мол су келіп, Махамбет ауылына қауіп төндірген. Соған байланысты Махамбет пен Сарытоғай ауылдары арасындағы жол жабылып, арнайы техникалармен жырылды. Жолдың ұзындығы – 5 шақырым. Қазір аталған жолдың екі жағына қорғаныс бөгеті салынып, үстіне ұзындығы 12 метрлік бетон плита қойылды. Бұл жолмен жаяу жүргіншілер мен жеңіл көліктердің өтуіне болады», – деді ол.
«Шымкентте заңсыз майнерлер ұсталды»
Шымкенттегі заңсыз майнерлердің қылмыстық әрекетін Қазақстан Республикасының қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері әшкереледі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бір топ адам 2023 жылғы сәуір мен 2024 жылғы ақпан аралығында жалпы сомасы Т100 млн астам аса ірі мөлшерде кіріс ала отырып, криптовалюта өндіру бойынша астыртын майнинг фермасын ұйымдастырған.
«Тергеу барысында 1000-нан астам ASIC-терден (биткоин өндіру жабдығы) тұратын криптовалюта өндіруге арналған майнинг фермасы, ноутбуктер, бейнетіркегіштер, флэш-тасымалдағыштар, ұялы телефондар және құжаттамалар табылып тәркіленді», - делінген хабарламада.

Фото көзі: parlam.kz


adimage