Су тасқынынан зардап шеккендерге киіз үйлер берілді, АҚШ-тағы қазақ спортшысы: «Науқаспын, дәрі-дәрмек керек» және тағы басқа тақырыптар дайджесті

    Астана. 23 мамыр. ҚазТАГ – Су тасқынынан зардап шеккендерге киіз үйлер берілді, АҚШ-тағы қазақ спортшысы: «Науқаспын, дәрі-дәрмек керек» және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.
   «Алматы зообағында Прагадан жеткізілген ақ аю өліп қалды»
Алматы зообағында Прагадан келген ақ аю өліп қалды. Жаңалықты Прага зообағының директоры Мирослав Бобек өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Nege.kz.
   Оның айтуынша, ақ аю 4 мамырда өлген, ал Алматы зообағы бұл жөнінде 22 мамырда ғана хабар берген.
   «Қазір Алматы хайуанаттар бағындағы жағдай біздікіне қарағанда жақсы, Томның көбеюіне жағдай жасалуы керек еді. Том бізден 28 наурызда ешқандай ауру белгілерінсіз кетті. Біздің білуімізше, Алматыға еш қиындықсыз жеткізілді. Кейін Алматыдан суреттер мен жазбаша есептерді алдық. Ең соңғысы 15 сәуірде «аюдың жағдайы жақсы» деп нақты айтылған», - дейді ол.
   «Қостанайда су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға киіз үйлер берілді»
   «Салиқалы ұрпақ» қоры су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға киіз үйлер жіберді. Халықтың сұранысына орай сатып алынған жылу Арқалық қаласына қарасты Екідің және Қызыл жұлдыз елді мекендеріне жөнелтілді, деп хабарлайды El.kz.
   «Су тасқынының салдарынан тірнектеп жинаған барлық дүние-мүлкінен, малынан айырылған халықтың жағдайы әлі күнге дейін күрделі екендігіне көзіміз жетті. Тұрғындардың көпшілігі паналайтын орын таппай қиналып отыр екен. Сондықтан, көптің тілеуі - киіз үй болды. Біз, яғни «Салиқалы ұрпақ» қоры жиналған халыққа уәде етіп, бірден тапсырыс бердік. Тапсырысымыз уақытында дайын болып, мінекей, бүгін киіз үйлерді ауыл ішіне құрып, халыққа табыстадық, сөзімізде тұрдық. Бастысы, киіз үйлердің сапасына мән бердік. Барлығы талапқа сай жасалды. Жергілікті халық ризашылығын, шексіз алғыстарын білдіріп жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», - дейді ғой. Сондықтан, қандай қиыншылық болса да, халықпен бірге болайық», - деді қор директоры Қасым Қасабеков.
   «Елімізде әйелдерге арналған пойыздар саны артады»
«Жолаушылар тасымалы» АҚ алдағы уақытта тағы үш бағытта әйелдер вагонын қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Stan.kz.
Ұлттық тасымалдаушы «Әйелдер вагоны» жобасын одан әрі дамыту бойынша сауалнама жүргізіп, оған 600-ден астам адам қатысты. Сауалнама нәтижесі бойынша әйелдер вагонын келесі үш бағытта іске қосу туралы шешім қабылданған: № 354/353 «Астана – Семей»; №24/23 «Ақтөбе – Алматы»; №25/26 «Алматы – Шымкент».
    Осылайша елімізде әйелдер вагоны бар пойыздар барлығы 11 бағыт бойынша жүреді.
    «Науқаспын, дәрі-дәрмек керек»
UFC промоушенінде өнер көрсететін жалғыз қазақстандық қыз Мария Агапова АҚШ-та панасыз қалғанын мәлімдеген еді. Ал Sport+ Qazaqstan арнасына берген сұхбатында Мария өзінің психикалық науқас екенін және емделуге қаражат керек екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz.
«Баспанадан бөлек маған тамаққа және дәрі-дәрмекке ақша керек. Себебі мен психикалық науқаспын. Дәрі-дәрмексіз ұйықтауым мүмкін емес. Жүріс-тұрысым да қиындады. Менің есепшотыма адамдар 200 доллар қаражат жіберді. Бұл ақша маған аптаның аяғына дейін ғана жетеді. Содан кейін Техасқа кетемін, сол жақтан аздап ақша табуым керек», - деді Мария Агапова.
«Елімізде несиесін уақытында төлей алмай жүрген 1,5 млн адам бар»
Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, олар 3 айдан бері несиесін төлемеген.
«2024 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша тұтынушылық қарыздардың жалпы сомасы Т14,2 трлн құрайды. Оның ішінде 90 күннен кешіктірілген несиелердің саны Т1,6 трлн, бұл 12%. Тұтынушылық несие алған қарыз алушылардың саны 8,4 млн адам. 1,5 млн адам несие төлемін 90 күннен кешіктірген», - деді ол.

Фото көзі: el.kz


adimage