Жылқылардың қазақы тұқымы көбейтілмек, Болат Назарбаевтың «оң қолына» қатысты іс және тағы басқа тақырыптар дайджесті

    Астана. 22 мамыр. ҚазТАГ – Жылқылардың қазақы тұқымы көбейтілмек, Болат Назарбаевтың «оң қолына» қатысты іс және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.
   «Бауыржан Исаев өнеріне шектеу қойған адамдардың дүниеден озғанын айтты»
Әнші Бауыржан Исаев 2000 жылдары шығармашылығына әлдекімдердің ресми түрде тыйым салғанын айтты, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әнші отандық телеарналардың бірінде берген сұхбатында көпшілік алдына шықпауының себебін осылай түсіндірді.
«Негізі 2000 жылдары менің шығармашылығыма ресми түрде шектеу қойылған. Ол кісілердің атын атамай-ақ қойсам да болады. Ол кісілер осыдан бірнеше жыл бұрын дүниеден озды. Сол кезде ресми түрде Бауыржан Исаевтың шығармашылығына шектеу қойылып, тыйым салынған. Бүкіл өңірлер мен облыстарға менімен жұмыс істеуді тоқтатуды бұйрық ретінде шығарған», – дейді әнші.
«Болат Назарбаевтың «оң қолына» қатысты іс: агенттік мән-жайды айтты»
Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтың мәлімдеуінше, Елдос Қоспаевқа қатысты іс бойынша тергеу аяқталуға жақын, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, қазір 13 күдіктінің адвокаттары қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.
«Мәселе мынада, заттай дәлелдерді есептемегенде ол жерде 508 том бар. Салмағы сегіз терабайт болатын видеолар мен аудиожазбалар бар. Жұмыс көлемі өте үлкен және 13 күдікті бар. Сонымен қатар, олардың әрқайсында адвокаттар бар, барлығы танысуы керек. Процесс қалай аяқталады, солай істі сотқа жібереміз», - деді Жеңіс Елемесов.
«Спорт бағытындағы жылқылардың қазақы тұқымы көбейтілмек»
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды Turkystan.kz.
«Мақсат – қостанайлық жылқы тұқымының тектік қорын сақтау, оның асыл тұқымды қасиеттерін жақсарту және мал басын ұлғайту үшін селекциялық, асылдандыру жұмысын жүргізу. Осы мақсатта «асыл тұқымды жануар» және «тұқым стандарты» ұғымдарына өзгерістер енгізіледі. Жылқылардың жұмысқа қабілеттілігі, ептілігі, төзімділігі секілді пайдалы қасиеттері тұқым стандартына жатқызылады», - делінген хабарламада.
«Бишімбаев жазасын қай түрмеде өтейді?»
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев 24 жылға бас бостандығынан айырылған экс-министр Қуандық Бишімбаев жазасын қайда өтеп жатқанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
«Ол (Бишімбаев) сот үкіміне шағым түсіріп жатыр. Сол себептен осы жерде (еск – Астанада) тергеу изоляторында отыр. Әрі қарай белгілі болады», - деді Қожаев мәжіліс кулуарында.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage