Құлыбаевтың компаниясына заңсыз берілген жер қайтарылды, Түркістанда терроризмді насихаттағандар ұсталды және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 27 маусым. ҚазТАГ – Құлыбаевтың компаниясына заңсыз берілген жер қайтарылды, Түркістанда терроризмді насихаттағандар ұсталды және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттап, медиа саласы мамандарына қажырлы еңбегі үшін ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Ең алдымен, баршаңызды Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз.
Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені, ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай.
Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Әлихан Бөкейхан «Газет-журнал шығаруға зор шеберлік керек» деп талап қойған. Бұл – бүкіл ақпарат саласына ортақ тұжырым. Жалпы, журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқарады», – деді мемлекет басшысы.

«Алматы облысында 3 ай бұрын жоғалып кеткен қыз әлі табылған жоқ»

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында 17 наурыз күні үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған 3 жастағы қыз әлі табылған жоқ, деп хабарлайды Turkystan.kz.

Бүлдіршінді іздеуге полицейлер мен еріктілер, қала тұрғындары да атсалысуда. Тікұшақ және дрон да жұмылдырылды.

«Полиция қызметкерлері жұртшылықты және еріктілерді тарта отырып әлі іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді», - деді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова.

«Түркістан облысында терроризмді насихаттады деген күдікпен 4 азамат ұсталды»

Түркістан облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарының үйлестіруімен және ІІМ-мен өзара іс-қимыл жасай отырып, терроризмді насихаттады деген күдікпен Қазақстанның 4 азаматын ұстады, деп хабарлайды Orda.kz.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, алдын ала деректер бойынша, фигуранттардың бірі ұзақ уақыт бойы шетелде тұрған, радикалды діни идеологияға сол жерде тартылған болуы ықтимал. Тінту барысында діни әдебиеттер мен өзге де заттай дәлелдемелер алынды.

Қылмыстық кодекстің 256-бабының 1 және 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

«Құлыбаевтың компаниясына заңсыз берілген жер қайтарып алынды»

26 маусымда Алматы қалалық соты ҚазҰУ университетінің жеріне әр уақытта иелік еткен компаниялардың апелляциялық шағымын қарады. Олардың барлығы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевпен байланысты, деп хабарлайды Stan.kz.

Университет аумағындағы жер телімі 2007 жылы «Omirex» ЖШС-не заңсыз берілген. Серіктестік ерлі-зайыпты Құлыбаевтарға тиесілі «Кипрос» ЖШС құрылымына кіреді.

«Тексеру нәтижесінде әкімдікке заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді, бірақ олар орындалмады. Сондықтан кадастрлық нөмірі 20-313-009-029 жер телімінің құжаттарын жарамсыз деп тану туралы талап арыз берілген. 9 сәуірде сот талап арызды қанағаттандырды», – делінген ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің хабарламасында.

Фото көзі: olympic.kz


adimage