Бишімбаев ісі бойынша апелляциялық сот, депутат МӘМС жүйесінің кемшіліктерін айтты және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 26 маусым. ҚазТАГ – Бишімбаев ісі бойынша апелляциялық сот, депутат МӘМС жүйесінің кемшіліктерін айтты және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Қатыгездікпен өлтірді дегенді алып тастау қажет – қорғаушы»

Бүгін Астаналық сотта экс-министр Қуандық Бишімбаев пен оның інісі Бақытжан Байжанов ісі апелляция сатысында қаралып жатыр, деп хабарлайды Baq.kz.
Қорғаушы Ерлан Ғазымжанов сот үкімімен келіспейтінін айтып, «Аса қатігездікпен адам өлтіру» бабын ауыстыруды ұсынды.

«Мен Бишімбаевтың адвокаты ретінде бұл үкіммен келіспеймін: ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша «Аса қатыгездікпен адам өлтіру» бабын өзгертіп, оның әрекетін ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігімен «Абайсызда өлімге әкеп соқтырған денсаулыққа ауыр зиян келтіру», деп қайта қарауды сұраймын», – деді Ғазымжанов.

Еске салсақ, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 24 жылға сотталды. Ал оның туысы Бақытжан Байжановқа - қылмысты жасырып қалу әрекеті бойынша іс қозғалып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Еліміздің ТОП-5 курорты аталды»

Ұлттық статистика бюросы Қазақстанның ең танымал 5 курортын атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Осы жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында қазақстандық курорттық аймақтар 766,6 мың адамға қызмет көрсеткен. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 63,1 мың адамға көп.

Адамдар ең көп баратын еліміздегі 5 курорт: Алматы тау кластері - 551,9 мың келуші; Щучье-Бурабай курорттық аймағы - 69,1 мың келуші; Маңғыстау курорттық аймағы-57,5 мың келуші; Түркістан туристік аймағы - 26,1 мың келуші; Алтай курорттық аймағы - 20,7 мың келуші.

«МӘМС-ке қаржы аударып, көмек ала алмай отырғандар көп – депутат»

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айдос Сарым өңірлерде дәрігерлер науқастарды емдеудің орнына қағаз толтырып отыратынын айтып, МӘМС жүйесінің кемшіліктеріне тоқталды, деп хабарлайды El.kz.

«Өңірге шыққан кезде ең көп шағым айтылатын жүйе – МӘМС. Азаматтар медициналық сақтандыруға жалақысының бір бөлігін аударады, бірақ тиісті медициналық көмек ала алмай жатыр. Осылай көмек көрсетпеген жағдайлар туралы көп шағым бар. Пациенттер арнайы мамандардың, дәрігерлердің қабылдауын, ультрадыбысты КТ, МРТ және басқасын айлап күтетін болған. Нәтижесінде жаны қиналған азаматтар амалсыз жеке клиникаларға барады. Оған көп ақша төлейді. Осыған байланысты сұрағым, денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені шешу үшін не істеп жатыр?», - деді мәжілісмен.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, МӘМС-ке қатысты сын-пікірлер көп. Соған қарамастан МӘМС халықаралық деңгейде өзінің сынақтан өткен азаматтарды қорғауға арналған дәлелі бар жүйе.

«Өскеменде вейп сатқандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды»

Өскенменде вейпті заңсыз сатқан кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еске салсақ, Қазақстанда 20 маусымнан бастап вейптерге, оларға қажет хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сатуға, әкелуге және өндіруге тыйым салынды. Заңды бұзғандар қылмыстық жауапкершілікпен жазаланады.

Dalanews.kz ақпараты бойынша, 23 маусымда Өскеменде бір реттік вейпті байланыссыз іске асыру фактісі бойынша сотқа дейінгі алғашқы тергеу басталды. Оларды сату әлеуметтік желілерде жарнама орналастыру арқылы жүзеге асырылды, төлем банктік қосымша арқылы қабылданған.

«Сатушыға 200 АЕК (Т738 400 дейін) мөлшерінде айыппұл немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жаза қолданылады», - делінген ақпаратта.

Фото көзі: Жоғарғы сот


adimage